18 марта 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ҰЛТТЫҚ КИІМ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Осыған орай, Amanzholov University-дің Парасат қызмет көрсету орталығында «Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек» атты ұлттық киімдерді насихаттау шарасы өтті. Шараның басты ерекшелігі – ұлттық киім үлгілерінің дефилесі. Көрсетілім барысында камзол, шапан, сәукеле, бүрмелі көйлек сияқты ұлттық киімдер көрермендерге таныстырылып, олардың тарихы мен сәндік ерекшеліктері жайлы ақпарат ұсынылды.

– Бүгінгі күннің маңызы ерекше. Біздің басты мақсатымыз – ұлттық киімдеріміз бен әшекей бұйымдарымызды киіп, білім алушылар мен әріптестерімізге үлгі көрсету, сондай-ақ оларды дәріптеу, – деді «Parasat» студенттерге қызмет көрсету орталығының жетекшісі Мергуль Мустафина.

Шараның көркін жандандыра түскен тағы бір ерекше сәт – қобызда орындалған «Жезкиік» күйі. Күйдің сазды әуені жиналған қауымды ұлттық рух пен дәстүрдің тереңіне бойлатты.
Мерекелік жиын соңында қазақтың дәстүрлі дастарқаны жайылып, Наурыз көже ұсынылды. Қатысушылар ұлттық тағамнан дәм татып, бір-біріне жақсылық пен береке тіледі.