19 марта 2025


ГҮЛСІМ БЕКТАСОВА КВАНТТЫҚ ФИЗИКАНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ АШЫҚ ДӘРІС ОҚЫДЫ

Физика және технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлсім Бектасова 70 жас мерейтойы екінші күн аталып өтілді.

№7 оқу ғимаратында әріптестері, магистранттар, докторанттар және студенттер физика және технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлсім Бектасованы 70 жас мерейтойымен құттықтады. Кафедра ұжымы 40 жылға жуық уақыт бойы білім беру саласында аянбай еңбек еткен ұлағатты ұстазға жүрекжарды лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын табыс етті.

Мерекелік жиында профессордан дәріс алған шәкірттерінің бірі кванттық физика жайлы жазылған орыс тіліндегі кітапты қазақ тіліне сапалы әрі сауатты аударып шыққанын атап өтті. Өз кезегінде Гүлсім Сафуанқызы осындай жоғары нәтижеге жеткен шәкірттерімен мақтанатынын жеткізді.

Шара соңында профессор кванттық физиканың 100 жылдығына орай ашық дәріс оқып, жаңа ғылыми деректермен бөлісті.

– Маған Гүлсім Бектасованың дәрістері өте ұнайды. Ол кісі материалды түсінікті әрі қызықты жеткізеді. Сабақтарына үнемі асыға барамыз. Дәрістен тыс уақытта да өмірлік ақыл-кеңесін айтып, дұрыс бағыт-бағдар береді, – деді студент Айзере Оразиман.

Көпжылдық тәжірибесі бар ғалымның мазмұнды дәрісін қатысушылар ерекше қызығушылықпен тыңдап, өз алғыстарын білдірді.