19 марта 2025


ШҚУ-ДА «ЭКОЛОГИЯ – ТАБИҒАТ ЖҮРЕГІ» ВИКТОРИНАСЫ ӨТТІ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да Жаңару күніне орай құқықтану кафедрасының ұйымдастыруымен студенттер арасында «Экология – табиғат жүрегі» тақырыбында викторина өтті.

— Викторинаның мақсаты – қоршаған ортаны қорғау саласындағы нормативтік-құқықтық актілер туралы білімді бекіту, табиғатты қорғаудың маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ осы саладағы мемлекеттік органдар мен жеке тұлғалардың құқықтары жөнінде ақпарат беру,-деп атап өтті құқықтану кафедрасының сеньор-лекторы Ляйла Садуакасова.

Викторина төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде командалар өз атауы мен ұранын таныстырды. Екінші кезеңде сергіту сәті ретінде әр топқа бес сұрақтан берілді, бұл кезеңде «Қазақ тілі және әдебиеті» білім беру бағдарламасының А тобы үздік нәтиже көрсетті. Үшінші кезеңде қатысушылар «Ойлан тап» тапсырмаларын орындады, ал соңғы кезеңде тест сұрақтарына жауап берді.

Сайысқа «Қазақ тілі және әдебиеті» білім беру бағдарламасының А және Б топтары, «Мектепке дейінгі білім беру» және «Арнайы педагогика» білім беру бағдарламаларының студенттері қатысты. Қазылар алқасы құрамында құқықтану кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Жанна Садыканова, сондай-ақ кафедраның сеньор-лекторлары Лаура Кусманова мен Ляйла Садуакасова болды.

Қорытынды бойынша «Қазақ тілі және әдебиеті» білім беру бағдарламасының А тобы 59 балмен бірінші орынды иеленді. «Мектепке дейінгі білім беру» білім беру бағдарламасының студенттері 55 балмен екінші орынды, ал «Қазақ тілі және әдебиеті» білім беру бағдарламасының Б тобы 48 балмен үшінші орынды алды. Сайыс соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.