20 марта 2025


ШҚУ ҰЛТТЫҚ СПОРТ КҮНІН АТАП ӨТТІ

Наурызнаманың онкүндігі аясында 20 наурыз күні С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да Ұлттық спорт күні кеңінен аталып өтілді. Спортсүйер жастар арасында этноспорт түрлерінен тартысты жарыстар ұйымдастырылып, білім алушылар өз шеберліктерін көрсетті.

Студенттер «Арқан тарту», «Асық ату», «Қой көтеру», «Қол күресі» және «Қазақ күресі» сынды ұлттық ойындар бойынша бақ сынасты.

— Бүгін университетімізде ұлттық спорт түрлері жоғары деңгейде дәріптелді. Мен тоғызқұмалақ ойынына қатыстым. Бұл ойын қазақ халқының ақыл-ойының биік дамығанын көрсетеді. Сайыс өте тартысты өтті, — деді студент Анеля Касинова.

Қазақ күресі – көшпенді халықтың ежелден келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Ержүрек батырлар ұрыс алдында осы әдістермен шыңдалған.

— Ұлттық спорт күніне орай ұйымдастырылған қазақ күресі сайысы өте қызықты әрі тартысты өтті. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Барлық спортшылар белсенді қатысып, бар күшін салды, — деді қазақ күресінің жеңімпазы Алан Мерғазы.

Шараға келген көрермендер ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстарды тамашалап, қатысушыларға қолдау көрсетті.