26 марта 2025


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ КЕШЕНДІ НЕЙРО-ИНТЕРАКТИВТІ ӘДІСТЕМЕ ҰСЫНДЫ

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері мектепке дейінгі және кіші мектеп жасындағы ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕББҚ) бар балаларға арналған жаңа әдістемені ұсынды. Бұл әдістеме артикуляциялық, нейро және тыныс алу жаттығуларының кешенін біріктіріп, балалардың сөйлеу, когнитивті, эмоционалдық және физикалық дамуын кешенді түрде қолдауға бағытталған.

Жобаның ғылыми жетекшілері – «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алима Алипова және ОМПК жетекшісі Рауан Байчинов. Олар біріктірілген әдістердің арқасында баланың жалпы дамуына оң әсер беретін тиімді әдістеме әзірледі.

— Біз балалардың когнитивті қабілеттерін ғана емес, сондай-ақ олардың эмоционалдық және әлеуметтік дағдыларын нығайтуға бағытталған жаттығулар кешенін ұсынып отырмыз. Бұл жаттығулар олардың қоғамға тиімді интеграциялануына ықпал етеді, — деді Алима Алипова.

Жоба барлық балаларға қолжетімді инклюзивті білім беру қағидаларын, жеке ерекшеліктеріне сәйкес бейімделген адаптивті әдістерді қолдануды көздейді. Әдістеме балалардың зейінін, сөйлеу және қозғалыс дағдыларын кешенді түрде дамытуды қамтамасыз етеді. 

Жобаның тағы бір маңызды ерекшелігі – арнайы сенсорлық технологиялардың қолданысы. Бұл құралдар мамандарға балалардың тыныс алу ритмін, сөйлеу мүшелерінің дұрыс жұмыс істеуін бақылап, тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл әдістеменің тағы бір ұтымды тұсы тек мамандарға ғана емес, ата-аналарға да арналған. «Dana bala» қобдишасы балаларға үйде де жаттығулар жасауға мүмкіндік беретін құрал, ата-аналар осы әдістемеге сүйеніп, балаларының дамуына көмектесе алады. Бұл кешенді тәсіл балалардың сөйлеу, когнитивті және эмоционалдық дамуын бір уақытта қолдай отырып, олардың психологиялық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.