26 марта 2025
ШҚУ-ДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛАДЫ
С.Аманжолов атындағы ШҚУ Халықаралық зерттеу орталығын (INNOCREA) құру туралы конвенцияға қол қойды. Орталықтың негізгі мақсаты Орталық Азия мен Шығыс Еуропаны зерттеу және дамыту. Орталық аймақтың тарихы, мәдениеті, технологиялары, экономикасы мен экологиясын біріктіріп, кешенді талдау жасауды көздейді.
Бұл бастамаға Италияның Генуя университеті, Молдовадағы Crea Tech академиясы және Италиядағы Қауіпсіздік және еркіндік қоры да қатысуда. Алайда, жобадағы ғылыми зерттеулерді үйлестіріп, білім беру бағдарламаларын әзірлеп, халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырып жетекшілік ететін Шығыс Қазақстан университеті.
— Жаңа буын геостратегиялық талдауы — аймақты тек тарих пен экономика тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ қазіргі заманғы жаһандық мәселелер контексінде зерттеу. Біздің елімізде алғаш рет аймақтың мәдени және технологиялық инновациялары, олардың қоғам мен экономика дамуына әсері зерттеледі. Сондай-ақ, жасанды интеллектіні қолдана отырып, аймақтағы өзгерістерді нақты уақыт режимінде бағалайтын аналитикалық платформа құрылатын болады, — деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.
Оның айтуынша, жоба ШҚУ-ды әлемдік деңгейдегі ғылыми орталыққа айналдырып, Еуразиялық кеңістікті зерттеуге жаңа тәсілдер ұсынып, аймақтың болашағы үшін нақты шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.