26 марта 2025


ШҚУ СТУДЕНТІ СПАРТАКИАДАДАН АЛТЫН ЖӘНЕ ӘЛЕМ КУБОГІНЕН КҮМІС ЖҮЛДЕ ИЕЛЕНДІ

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенті Зейнеп Құмарқан әлемдік додалардағы жеңісінен кейін туған еліне оралды. Ол шорт-тректен VI қысқы Қазақстан Спартакиадасында алтын медаль жеңіп алып, Канадада өткен Әлем Кубогында күміс жүлдегер атанды. Спортшыны жақындары, достары және оқытушылары құрметпен қарсы алды.

Еске салайық, 21-23 наурыз аралығында «Алау» мұзайдынында VI қысқы Спартакиада өтті. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 19 жастағы студенті Зейнеп Құмарқан 500 метр қашықтықта әйелдер арасында жеңімпаз атанды.

Бұған дейін ол Харбиндегі Азия ойындарында және Канадада өткен Әлем Кубогінде үздік нәтижелер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болған. Сонымен қатар, ол 2025 жылы өтетін әлем чемпионатында Қазақстан құрамасына кірді.

– Бұл жетістік мені алдағы халықаралық жарыстарда өз көрсеткішімді жақсартып, одан әрі көп жаттығуға ынталандырады, – деді спортшы қыз.

Айта кетейік, Зейнеп Құмарқан – С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың екінші курс студенті. Ол 9 жасынан бастап шорт-трекпен айналысып келеді. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы мұз айдынында жаттығып, жаңа белестерді бағындыруға дайындалуда.