28 марта 2025


ӘЛЕУМЕТТІК СЕРІКТЕСТЕРМЕН АЛДЫН АЛА КЕЛІСІМШАРТҚА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ базасында 2024-2025 оқу жылының түлектері мен «Мәңгілік ел жастары — индустрияға!» жобасының қатысушыларына арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі аясында меморандумға қол қойылды.

Салтанатты шараға жас мамандарды жұмысқа қабылдауға және студенттерді өндірістік іс-тәжірибеден өткізуге әзір әлеуметтік серіктестер қатысты. Шара барысында С.Аманжолов атындағы ШҚУ түлектері мен жұмыс берушілері арасындағы жұмысқа орналастыру бойынша алдын ала келісімшартқа қол қойылды.

— Түлектерді жұмыспен қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдармен және серіктес жұмыс берушілермен, өңірдің жетекші ұйымдарымен және мекемелерімен тығыз ынтымақтастық орнатылған. Бүгін студенттер жас мамандарға қойылатын талаптар жөнінде тікелей жұмыс берушілерден біле алады, — деді ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Келісімшарт аясында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ШҚО-дағы филиалы «Алтай» телеарнасымен, Өскемен қаласының №22 орта мектебімен, «Эмиль балмұздақ фабрикасы» ЖШС-мен, Өскемен қаласының №3 «Балбөбек» балабақшасымен, «Асыл Мирас» балаларды қолдау орталығымен және тағы да басқа мекемелермен алдын ала келісімшарт жасалды.

— С.Аманжолов атындағы ШҚУ-мен арадағы келісімшарт бойынша тығыз жұмыс істейміз. Оқу орнының студенттері біздің мекемеден өндірістік іс-тәжірибеден өтіп тұрады. Барлығы өзінің біліктілігін, жаңа оқыту әдістеріне бейімділігін көрсетті. Бос жұмыс орындары болса барлық бітіруші түлектерді қабылдар едік. Бүгін бір студентті алдын ала келісім шарт бойынша жұмысқа қабылдауға қол қойдық, — деді ШҚО Өскемен қаласы ББ №3 “Балбөбек” балабақша-бөбекжайы директоры Қымбат Садықова.