1 апреля 2025
ASTANA IT UNIVERSITY-ДІҢ БІРІНШІ ПРОРЕКТОРЫ СЕРІК ӨМІРБАЕВ ШҚУ-ҒА КЕЛДІ
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне Astana
IT University-дің бірінші проректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор
Серік Өмірбаев келді.
Ол университеттің құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері мен
профессорлық-оқытушылар құрамына арналған «Оқу, оқыту және бағалау стратегиясы»
тақырыбындағы оқыту семинарын өткізді. Іс-шараны жүргізген ШҚУ ректоры Мұхтар
Төлеген білім сапасын арттыру және заманауи оқыту әдістерін енгізудің
маңыздылығын атап өтті.
– Білім сапасы әрдайым басымдыққа ие. Семинар қатысушылары
оқу, оқыту және бағалаудағы жаңа көзқарастармен танысып, білім беру процестерін
конструктивті трансформациялау принциптерін меңгереді. Серік Өмірбаевтың
инновациялық білім беру стратегияларын әзірлеу және енгізудегі мол тәжірибесі
оқытушыларға пайдалы болары сөзсіз, – деп атап өтті ШҚУ-дың бірінші жетекшісі.
Семинар бағдарламасы алты дәрістен тұрады. Алғашқы дәріс
«Академиялық саясат: университеттердің академиялық және басқарушылық тәуелсіздігі
контекстінде» тақырыбына арналды. Спикер университеттердің корпоративтік
басқару принциптерінің дамуын, академиялық және басқарушылық дербестігін күшейтуді,
сондай-ақ академиялық саясатты әзірлеу мәселелерін талқылады.
Серік Өмірбаев академиялық саясатты тиімді жүзеге асыру үшін
әрбір оқытушы білім беру процесін ұйымдастыруға қатысып, оның дамуына белсенді
араласуы керектігін атап өтті.
– Оқу сапасы ең алдымен оқытушыларға байланысты. Академиялық
саясат – білім беру жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін кешенді
механизм. Оқытушылар академиялық қауымдастықтың негізгі құндылықтарын меңгеріп,
білім беру стратегияларын қалыптастыруға үздіксіз қатысуы керек, – деді Серік Өмірбаев.
Семинар соңында қатысушылар қызықтырған сұрақтарын қойып,
университеттің академиялық саясатын әзірлеуге арналған практикалық сабаққа
қатысты.