4 апреля 2025
ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ БАТЫРЛАРЫН НАУРЫЗДА ҚАЛАЙ ҰЛЫҚТАДЫ
Әр жыл сайын С.Аманжолов атындағы ШҚУ Наурызды тойлауда ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, «бір шанырақ астына» мыңдаған адамды жинайды. Университет басшылығы өзінің дәстүрінен айнымай, қаз қатар киіз үй тігіп, әрбірін қазақтың белгілі тұлғаларына арнады. Биыл үш бірдей боз үй Шығыс Қазақстаннан шыққан Ұлы Отан соғысының батырлары Қасым Қайсеновке, Ізғұтты Айтықовқа және Төлеген Тоқтаровтың құрметіне арналды.
2025 жылдың 9 мамырында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы тойланады. Бұл тарихи күн ерлік пен қайсарлықтың символы. Осы атаулы мерекеге орай ШҚУ ұжымы Наурыз мейрамын тойлау аясында даңқты жерлестерімізді еске алуды ұйғарды.
Қасым Қайсеновтің сарқылмас ерлігі
Ұлы Отан соғысының батыры, жазушы және «Халық Қаһарманы» Қасым Кайсенов 1918 жылы Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында дүниеге келген. 22 жасында Қасым әскерге шақырылып, Мәскеу маңындағы арнайы диверсиялық және барлау мектебіне жіберілген. Бұл мектеп Совет одағы бойынша тек таңдаулы, мың адамның ішінен біреуін қабылдайтын жалғыз мектеп болатын…
Мәдениет, спорт және алғашқы әскери дайындық кафедрасының меңгерушісі Ақмарал Ахаева осы киіз үйдің әрлеуі бір ай бойы ұжымдық еңбекпен дайындалғанын айтты. Бұл жерде автордың ең жақсы шығармалары мен оның архивтік суреттері ұсынылды.
— Қасым Қайсенов қазақ батырлары Қабанбай мен Барақ батырлардың ұрпағы болған. Сондықтан да болар Қасым Қайсенов ұлы жауынгер болып, ерлігімен есте қалды, — деді Ақмарал Ахаева.
…Барлау мектебін тәмамдағаннан кейін, 1941 жылдың 19 қарашасында Қасым Қайсеновтің жанына он әскер қосып Украинадағы Богуслав қаласының маңындағы орманға аттандырады. Бұл Оңтүстік-батыс фронттың штабы еді. Мұнда 23 жастағы жауынгер достарымен қоршауда қалып, жалғыз өзі аман қалады. Он күннен соң ол жаудың тылында партизандық күрес жүргізген Иван Примакпен кездесті, ол дереу қазақ жауынгерін танып қояды.
— Қасым Қайсеновтің даңқы бүкіл Кеңес Одағында белгілі болды. Ол туралы барлық жерде айтылатын және үлгі ететін, — деді Педагогика жоғары мектебінің деканы Гүлнар Борисовна.
Соғыс аяқталғаннан кейін Қасым Қайсенов жазушылыққа бет бұрды. Ол соғыстың ең қиын кезеңдерін, қарапайым солдаттардың ерліктерін суреттейтін көптеген шығармалар жазды. Барлығы 30-дан астам кітабы жарық көрген.
Күнәсіз батыр, ізгі жан Ізғұтты Айтықов
Ізғұтты Айтықовтың туған жері — Шығыс Қазақстан облысындағы Тарғын ауылы. Бұл жерде оның балалық шағы мен жастық дәурені өтті.
Соғыс басталған алғашқы күннен-ақ Айтықов майданға аттануға асықты. Ол бірнеше рет аудандық әскери комиссариатқа өтініш жазды. Тек 1942 жылдың мамыр айында ғана Айтықов майданға аттанды. Сталинград үшін шайқаста, Калинин, Курск, Белгород облыстарын азат етуде және Батыс Двина жағалауына дейін жетті.
Көзсіз батыр Айтықов бірнеше рет жаудың тылына еніп, 50 фашисті жойып, 20-дан астам тұтқын алды. Ерлігі үшін ол Қызыл Жұлдыз орденімен, Екінші және Үшінші дәрежелі Даңқ ордендерімен және Сталинградты қорғағаны үшін медалімен марапатталды. Батыс Двина өзенін кесіп өткені үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Ауқымды шараның қонақтары арасында Ізғұтты Айтықовтың жиен-немересі Нұрлан Айтықов болды. Университет ұжымы оған арнайы дайындалған киіз үйді мақтанышпен таныстырды.
—ШҚУ ректоры Мұхтар Төлегенге осындай жарқын, әдемі және мазмұнды мереке ұйымдастырғаны үшін және менің қадірлі туысымның құрметіне көрсеткен ілтипаты үшін үлкен алғысымды білдіремін. Маған әсіресе Ізғұтты Айтықов туралы ең маңызды шығармаларды жинақтаған кітап көрмесі өте ұнады, — деді Нұрлан Айтықов.
Оның айтуынша, Кеңес Одағының Батыры үйленіп, бала сүйе алмаған, бүкіл өмірін Отанын қастерлеуге арнаған.
Төлеген Тоқтаровтың ерлігі — жастарға үлгі
Төлеген Тоқтаров 1921 жылы 19 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. 1941 жылдың желтоқсанында ол майданға аттанды. Ол 23-гвардиялық атқыштар полкінің автоматшысы болып, 8-гвардиялық Қызыл Ту орденді атқыштар дивизиясының құрамында шайқасты.
Қаңтардың соңында оның батырлығы туралы толық мәлімет беріліп, Төлеген Тоқтаровқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Майданда құрбан болған Төлеген Тоқтаровтың есімі ұрпақтарға ерлік пен батырлықтың үлгісі болып қала береді.
Әскерге шақырылғаннан кейін екі айдан соң, 1942 жылдың 5 ақпанында Төлеген Тоқтаров Старорус ауданындағы Нагаткино ауылында болған ұрыста бірінші болып ауылға кіріп, жеті жауды жойып, екі жауынгерді тұтқындады.
Екі күннен кейін, 7 ақпанда, батыр гвардеец Старорус ауданындағы Бородино ауылында болған ұрыста тағы бес фашисті жойып, олар паналап жатқан үйге баса-көктеп кірді. 1942 жылдың 10 ақпанында Төлеген Тоқтаров ерлікпен қаза тапты.
— Біздің киіз үйіміз рухты, қайсар Төлеген Тоқтаровтың есімімен аталады. Оның ерлігі жас ұрпаққа жарқын үлгі. Бүгін біз қазақ батырына арналған кітаптардан көрме ұйымдасытырып, оның портреті мен әскери киімін көрсеттік. Біз осындай шаралар арқылы студенттердің бойына Отанға деген сүйіспеншілкті артыруға тырысамыз, — деді Бизнес және құқық жоғары мектебінің сениор-лекторы Айгүл Асубаева.
1943 жылдың 30 қаңтарында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумының Жарлығымен Төлеген Тоқтаровқа неміс басқыншыларына қарсы соғыс фронтында командованиенің тапсырмаларын үлгілі орындағаны және көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Еске салайық, 2025 жылдың 9 мамырында Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толады. Қазақстан соғысқа өлшеусіз үлес қосып, 1,2 миллионнан астам жауынгерін аттандырды. Олардың 600 мыңнан астамы қайтып оралмады. Қазақстандықтар Сталинград шайқасы мен Берлин операциясында аса маңызды рөл атқарды. Ал еліміз тылда қорғаныс өнімдерін өндіру, азық-түлікпен қамтамасыз ету және эвакуацияланған халықты орналастыруда сенімді тірек болды.