7 апреля 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК НЕГІЗДЕРІН ОҚЫТУ ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ базасында ШҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен студенттерге арналған қаржылық қауіпсіздік форумы өтті. Қаржылық қауіпсіздікті насихаттауға бағытталған бұл форум 11 сәуірге дейін жалғасады.

Іс-шараның мақсаты – жастардың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру, қаржылық қауіпсіздік саласындағы заманауи трендтермен таныстыру, сондай-ақ оларды алаяқтық схемаларды тануға және алдын алуға үйрету.

– Қаржылық қауіпсіздік – қазіргі заманның өзекті мәселесі. Жастарды алаяқтық схемалардан сақтандыру және қаржылық қауіп төндіретін ұсыныстарды тануды үйрету – біздің басты мақсатымыз. Форум барысында студенттер қаржылық қауіптерден қорғану жолдарын және мұндай жағдайлардың салдары қандай болатынын түсінді, – деді ШҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Жанар Тайгаранова.

Бизнес және құқық жоғары мектебінің профессоры Динара Мамырбекова студенттерге қаржылық пирамидалардан сақтану, интернеттегі жалған хабарландыруларға сенбеу және дроптарды анықтау жолдарын түсіндірді. Ол интернет-алаяқтықтың басым бөлігі дропперлерді пайдалану арқылы жүзеге асатынын атап өтті.

Айта кетейік, дроппер немесе дроп – банк картасы мен шоттарын заңсыз мақсатта пайдалануға беретін тұлға.

Тренинг барысында жастар нақты алаяқтық мысалдарын зерттеп, тәжірибелік кейстерді талдап, қаржылық қауіпсіздік негіздерін меңгерді.