8 апреля 2025


ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БОЙЫНША ҰЛТТЫҚ ОЛИМПИАДА: ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ БЕЛСЕНДІ ДАЙЫНДАЛУДА

С.Аманжолов атындағы ШҚУ базасында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен қаржылық қауіпсіздік негіздерін оқытуға арналған форум өтті. Іс-шараны ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастырды. Форум барысында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі өткізетін қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиада туралы ақпарат берілді.

Облыс басшысы Ұлттық олимпиаданың жастар арасында қаржылық қауіпсіздікті, қаржылық мәдениетті дамытуда орны ерекше екенін атап өтті.

— Жастардың қаржылық қауіпсіздігін сақтау өзекті мәселе. Оны мемлекет басшысы да айтып өткен. Осындай форум, тренингтер арқылы жастарға қаржылық қауіпсіздіктің маңызын түсіндіруіміз керек. Жеңіл ақша табуға ұмтылмау қажет. Студенттер жетекшілерімен тығыз байланыста болып, мазалаған сұрақтарын қойып отыру керек. Ұлттық олимпиадаға қатысушыларға сәттілік тілеймін, — деді Шығыс Қазақстан облысы әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Ұлттық олимпиада жастардың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыруға, қаржылық қауіпсіздіктің заманауи трендтерін көрсетуге, қаржы саласындағы тәуекелдер мен қатерлерге қарсы тұруды үйретуге арналған.

– Біз студенттердің қаржылық қауіпсіздік туралы білімін арттыру үшін ауқымды шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Бір апта ішінде 30 мыңға жуық студентке дәріс өткізіп, маңызды ақпарат бердік, – деді ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Арман Жүнісов.

Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдастыратын Ұлттық олимпиадаға Аманжолов университетінен 130 студент қатысады. Үш кезеңнен өткен үздіктер республикалық байқауға жолдама алып, Астанада жоғары нәтиже көрсеткендер халықаралық олимпиадаға қатысу мүмкіндігіне ие болады.

– Әр жоғары мектептің студенттері олимпиадаға белсенді дайындалып жатыр. Бұл шара жастардың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыруға, тәуекелдер мен қатерлерді тануға үйретуге бағытталған, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Төлеген.

Amanzholov university студенті қазіргі интернеттің қарыштап дамыған уақытында жастардың қаржылай сауатты болуы маңызды, осындай шаралар студент-жастардың қаржылай қауіпсіздік негіздерін үйренуіне ықпал етеді деп атап өтті