9 апреля 2025
ШҚУ-ДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Ғылым
айлығы» аясында «Сәтбаев оқулары: білім-ғылым-бизнес интеграциясы және оның
өзекті мәселелері мен болашағы» тақырыбында XII Республикалық
ғылыми-практикалық конференция өтті.
Шараға университет оқытушылары, докторанттар, магистранттар
және жас ғалымдар мен студенттер қатысты.
—
Бүгінгі шара елімізде жыл сайын 12 сәуірде атап
өтілетін Ғылым күніне арналып отыр. Біз университеттегі ғылымның және ғылыми
қауымдастықтың дамуына үлкен мән береміз. Бұл сөзімізді халықаралық
рейтингтердегі жоғары орындардан көрінуіміз нақтылай түседі. Сондай-ақ, KAZ
Minerals, Үлбі металлургиялық зауыты, Өскемен титан-магний комбинаты,
Қазақстанның ұлттық ядролық орталығы және басқа да ірі кәсіпорындармен
серітестіктігіміз ғылымға басымдық беретінімізді көрсетеді. Соңғы бес жылдың
ішінде ғылымды қаржылдандыру 111 млн. теңгеден 4,2 млрд. теңгеге дейін өсті, —
деді университет ректоры Мұхтар Төлеген.
Халықаралық конференция барысында сарапшылар авторлық
пленарлық баяндамаларын жасады. Олардың қатарында Кемеров мемлекеттік
университетінің доценті Максим Гета, Тәжікстан халықаралық шет тілдері
университетінің «Аударма ісі» білім беру бағдарламасының студенті Мұхаметжан
Тошов, Мәскеу мемлекеттік психология және педагогика университетінің профессоры
Татьяна Березина, шетел тілдері және аударма ісі кафедрасының профессоры Гүлбану
Думан және университеттің жас ғалымы Нариман Қайырбеков болды.
Әр баяндамашы өз саласындағы ең өзекті мәселелерді көтерді.
Мысалы, заманауи пробацияның доктриналық негіздері, экстремалдық психологиядағы
виртуалды шындық технологиялары, аудармадағы мәдениаралық коммуникация,
сондай-ақ Қазақстандағы жас ғалымдардың болашағы туралы мәселелер талқыланды.
Шара соңында «Ғылым айлығы» аясында ұйымдастырылған байқау
жеңімпаздары марапатталды.
Айта кетейік, «Үздік жас ғалым», «Жұмаш Кәрімұлы Уәлиев атындағы
шәкіртақыны тағайындау», «Үздік студенттік ғылыми үйірме», «Ғылыми-зерттеу
қызметін ұйымдастыруда үздік жоғары оқу орны» және «Мамандық үздігі» атты
байқаулар өткізілді.
Бұл конкурстардың негізгі мақсаты — университет студенттері
мен жас ғалымдарын ғылыми-зерттеу қызметіне ынталандыру және ғылыми әлеуетін
дамыту.