9 апреля 2025


ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ ҚЫРҒЫЗСТАНДА БІЛІМ АЛУДА

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының екінші курс студенттері Аружан Төрехан, Айжан Мәулітбек және Зерде Қызырәлі Қырғыз Республикасы Ош мемлекеттік университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алуды жалғастыруда.

Аталған бағдарлама студенттердің кәсіби біліктілігін арттыруға, өзге елдің білім беру жүйесімен танысуға, сондай-ақ мәдени байланыстарды нығайтуға үлкен мүмкіндік береді. Білім алушылар үшін жаңа ортада тәжірибе жинақтап, тілдік және әдеби білімдерін тереңдетуге барлық жағдай жасалған.

Оқу барысында студенттер бауырлас халықтың рухани мұрасымен жақынырақ танысуда.

– Қырғыз және қазақ әдебиеттері — түбі бір, тағдыры ортақ, тарихы ұқсас халықтардың көркем шежіресі. Екі елдің фольклорлық мұрасында, батырлық жырларында, тіпті көркем мәтін құрылымында да көптеген үндестіктер бар. Біз білім алумен қатар, түрлі мәдени және шығармашылық іс-шараларға да белсене қатысып жүрміз, – деп бөлісті ШҚУ студенті Айжан Мәулітбек.

Айта кету керек, жуырда өткен “Дүйнө элдеринин маданияты” атты халықаралық мәдениет байқауында Amanzholov University студенттері жүлделі орынға ие болды.