10 апреля 2025


«ҒЫЛЫМ АЙЫ»: ХИМИЯ ҒЫЛЫМЫ МЕН ӨНДІРІСТІҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ

С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да «Ғылым айы» жалғасуда. Бүгін «Химия ғылымы мен өндірістің интеграциясы: қазіргі жағдайы мен мәселелері» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға «Нұр болашақ» мектепке дейінгі ұйымдар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің құрылтайшысы Дина Омарова қатысты.

Дөңгелек үстел Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі Әшімжан Ахметовтың 75 жылдығына арналды.

Жиынды ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген ашып, Әшімжан Сүлейменұлының отандық ғылымның дамуына қосқан баға жетпес үлесін атап өтті. Қатысушылар назарына академиктің өмірі мен еңбек жолы жайлы деректі фильм ұсынылды.

– Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Әшімжан Сүлейменұлы Ахметовтың есімін ерекше құрметпен еске алады. 2020 жылдың ақпанында менің бастамаммен университетте Әшімжан Ахметов атындағы химия пәні бойынша IT-кабинет ашылды. Бұл кабинет заман талабына сай жабдықталған. Әшімжан Сүлейменұлы – көрнекті қоғам қайраткері, дарынды ғалым, заң ғылымдарының кандидаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, азаматтық ұстанымы жоғары тұлға, – деді ШҚУ ректоры.

Шара барысында профессорлар, сарапшылар, докторанттар мен студенттер баяндама жасады. Олардың қатарында ШҚУ химия кафедрасының меңгерушісі Бақыт Шаихова, Барнаул қаласындағы химия және химия-фармацевтикалық технологиялар институтының техника ғылымдарының докторы Денис Минаков, А.Б. Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының PhD докторы Химэрсэн Хуангул, «Қазстандарт» РМК ШҚФ бас маманы Ольга Савинкова, «ШҒЗТКМИтүсмет» «ҚР МШКҚӨ ҰО» РМК филиалы сынақ орталығының әдіскері Анастасия Ермошкина, «Eurasian Minerals Trade» ЖШС аналитикалық қызметінің басшысы Михаил Жарликов және т.б. бар.

Баяндамашылар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, құрамның ұлттық стандартты үлгілерді әзірлеу, дуальды білім берудің мәселелері мен перспективалары, ғылым мен өндірістің интеграциясының қазіргі жағдайы, сондай-ақ жоғары базидиомицеттердің биологиялық белсенді заттарын тамақ және фармацевтика өнеркәсібінде қолдану мәселелері сөз болды.