10 апреля 2025


ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БІЛІМІН НАСИХАТТАУ МАҚСАТЫНДА СУРЕТ КӨРМЕСІ ӨТТІ

Шығыс Қазақстан облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Amanzholov University облыс жастары арасында қаржылық қауіпсіздік білімін насихаттау мақсатында сурет байқауын ұйымдастырылып, көрме өткізді.

ШҚУ-дың бірінші жетекшісі және облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы көрмеге қатысушылармен әңгімелесіп, олардың сурет арқылы жеткізгісі келген ойларын тыңдады. ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген студенттердің салған суреттерінің идеясының бірегейлігі мен креативтілігін ерекше атап өтті.

— Университет жастары қаржы саласындағы терең білімдерін, көзқарастарын бейнелеу өнері арқылы көрсетті. Қатысушылардың жұмысы бір-біріне ұқсамайды. Өзіндік көзқарастары мен білімдерін суреттей білді. Мұндай байқау шығармашылықты дамытумен қатар, қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аударуға ықпал етеді, — деді ЖОО ректоры.

Қаржылық қауіпсіздік бойынша ұйымдастырылған көрмеге 120-дан астам сурет қатысып, студенттер әртүрлі техникамен салынған жұмыстарын ұсынды.

— Көрмедегі суреттерде алаяқтардан қалай қорғану керек, қаржылық сауаттылықтың маңызы және қаржылық қауіпсіздік туралы заңдық және психологиялық көзқарастар бейнеленді. Картиналарды көріп, студенттеріміздің дарыны мен ойлау қабілетінің ұшқырлығына қуандым, — деді құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлмира Байыркенова.

Көрмеге қатысушылар қаржылық сауаттылықтың болмауы өмір сапасының төмендеуіне және қаржылық тұрақсыздыққа әкеліп соғатынын атап өтті.

— Қаржылық сауатсыздық пен қауіпсіздік шараларын білмеу өкінішті жағдайларға соқтырып жатады. Қазіргі қоғамда интернет алаяқтары қариялардың мейірімділігі мен сенгіштігін пайдаланып, олардың қаражатын заңсыз иемденіп кетеді. Біз осы ойымызды қабылдауға жеңіл етіп жеткізгіміз келді, — деді байқау жеңімпазының бірі Шұғыла Елеукенова.

Байқаудың қорытындысы бойынша С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Сот және прокурорлық қызмет білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері Шұғыла Елеукенова мен Жұлдыз Ағланова бірінші орынды иеленіп, 200 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың экономика білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Айым Қалиева екінші орынды иеленіп, 150 000 теңге сыйақы алды. Үшінші орынға С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың кәсіптік оқыту, көркем еңбек және графика білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Меруерт Мухаметкаримова жайғасып, 100 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.

Сонымен қатар, ерекше дарынымен және өткір көзқарасымен көзге түскен 11 қатысушы әртүрлі номинациялар бойынша 50 000 теңге сыйлықақы алды.