10 апреля 2025
ӨҢІР ЖАСТАРЫ АРАСЫНДАҒЫ “ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БОЙЫНША QUIZ” ОЙЫНЫ
Облыс орталығында өңір жастарының басын қосқан «Қаржылық қауіпсіздік бойынша QUIZ» зияткерлік сайысы өтті. Көшбасшылар бәйгесін облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Amanzholov University ұйымдастырды.
– Қаржылық қауіпсіздік негіздерін үйрететін, қаржылай сауатты болуды ескертетін зияткерлік ойынына қатысқан жастарға алғысымды білдіремін. Quiz ойыны арқылы біз жас білім алушылардың назарын қаржылық қауіпсіздікке аударғымыз келеді, – деді ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Арман Жүнісов.
Сайыс қаржылық қауіпсіздіктің заманауи трендтерін көрсетуге, қаржы саласындағы қатерлерге қарсы тұруды үйретуге бағытталды.
– Бүгінгі зияткерлік ойында 100-ден астам сұрақ қарастырылды. Бұл ойын жастарға өз қаржысын басқару дағдыларын қызықты әрі ойын түрінде дамытуға көмектеседі. Жастар алаяқтардың құрбаны болмауы және олардың жарқын болашағы үшін түрлі шаралар ұйымдастыру – бұл мемлекетіміздің жастарға деген қамқорлығының көрінісі, – деді ШҚУ-дың бірінші жетекшісі Мұхтар Төлеген.
Зияткерлік Quiz ойынына шығыстағы үш жоғары оқу орны және жастар ресурстық орталығының командалары қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Білімділер додасы 7 кезеңнен тұрды. Әр турда қатысушылардың қаржылық білімдерімен қатар, ой жүйріктігі сыналды.
– Университетімізде өткен қаржылық қауіпсіздік жөніндегі семинарлардағы алған біліміміз бүгінгі сайыста жоғары нәтижеге жетуімізге үлес қосты. Ойын өте тартысты өтті. Әр жоғары оқу орнының ең мықтылары жиналған басқосуда бар білімімізді ортаға салдық, – деді «Parasyz profi» командасының капитаны Жанбыл Алиев.
Зияткерлік ойынның қорытындысы бойынша С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Parasyz profi» командасы 1 орынға ие болып, 200 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Екінші, үшінші орынды Аманжолов жастарынан құралған «Қаржы сарапшылары» және «Mugalim boys» командалары иеленді. Оларға 150 000, 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.
Бұл сайыс жастарды қаржылық қауіпсіздік мәселелері бойынша білімдерін кеңейтіп, заманауи қаржы қатерлеріне қарсы тұру дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.