11 апреля 2025


РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АТА-АНАЛАР ФОРУМЫ

ШҚУ-да «Кемелдікке бастар бес қадам» атты республикалық ата-аналар форумы ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткен қоғамдағы бес маңызды мәселенің отбасы мен бала тәрбиесіне қалай әсер ететінін талқылау.

Форум барысында ата-аналармен бірлесіп осы мәселелерді шешудің жолдары қарастырылды. Сонымен қатар, отбасының қоғамдағы рөлі мен балаларды дұрыс тәрбиелеудің тиімді әдістері жайлы пікір айтылды.

Пленарлық отырыста ШҚУ-дың психология және коррекциялық педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, пс.ғ.к. Юлия Кукина «Ата-аналардың мектептегі буллингтің алдын алудағы рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Ол балалар арасындағы қатыгездік пен келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін ата-ананың белсенді араласуы қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

Форумға облыстық, қалалық және аудандық білім бөлімдерінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскерлері, мектеп директорлары, олардың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары, мектеп психологтары, әлеуметтік педагогтар және ата-аналар комитетінің мүшелері қатысты.