11 апреля 2025


ШҚУ РЕКТОРЫ ПАРЛАМЕНТТІК ТЫҢДАУҒА ҚАТЫСТЫ

ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген Қазақстандағы заң білімін дамыту мәселелері талқыға түскен парламенттік тыңдауға қатысты. Парламенттік тыңдау барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, сондай-ақ белгілі ғалымдар Зауре Бәймолдина және Исидор Борчашвили баяндама жасады.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев кәсіби заңгерлердің біліктілік деңгейі қоғам мен мемлекеттің барлық салаларына тікелей әсер етеді деп атап өтті. Осы міндеттерді іске асыру аясында мүдделі тараптар арасында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, Сенаттың Конституциялық заңнама комитеті мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесі ретінде құқықтық білімді дамыту тұжырымдамасы әзірленді.

Бүгінгі таңда шешімді талап ететін және озық халықаралық тәжірибеге сүйенуді қажет ететін бірқатар өзекті мәселелер бар. Мәулен Сағатханұлының айтуынша, проблемаларды жүйелі шешуге арналған нақты механизмдер қажет. Цифрлық процестерді және жасанды интеллект технологияларын енгізуге ерекше назар аударылатын болады. Кадрларды даярлау мәселесі заңнамалық актілер мен заң жобаларын әзірлеу сапасына тікелей әсер етеді.

Парламенттік тыңдау барысында заң саласы үшін кәсіби стандартты әзірлеу және бекітудің маңыздылығы жеке атап өтілді. Сондай-ақ, түлектердің практикалық дағдыларын қалыптастыру және құқық салалары бойынша мамандандыру мәселесіне де баса назар аударылды.

Тыңдау барысында айтылған ұсыныстар тиісті ұсынымдар әзірлеу кезінде ескеріліп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданатын болады.