11 апреля 2025


Экскурсия: студент көзімен

Айдынқызы Дана, 3 курс, “Қайта өңдеу өндірісінің технологиясы” ББ студенті:
«Алтын Шығыс» – білім мен тәжірибеге толы бір күн!
Бүгінгі күн мен үшін ерекше әрі есте қаларлық болды. Біз Шығыс Қазақстан облысында орналасқан май өңдеу зауыты — «Алтын Шығыс» кәсіпорнына экскурсия жасап қайттық. Бұл өндіріс орны — табиғи әрі сапалы өнім өндіруімен өңірімізде танымал ірі кәсіпорындардың бірі.
Экскурсия барысында майдың қалай өндірілетінімен, шикізаттың қабылдануынан бастап дайын өнімге дейінгі барлық кезеңмен таныстық. Зауыт заманауи технологиялармен толық жабдықталған, барлық үдерістер автоматтандырылған. Бұл өнімнің жоғары сапасы мен экологиялық тазалығының қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөлінетінін көрсетті.
Зауыт қызметкерлері бізді жылы жүзбен қарсы алып, өндіріс барысын егжей-тегжейлі таныстырып, барлық сұрақтарымызға ашық әрі толық жауап берді. Олардың кәсіби шеберлігі мен өз ісіне деген жауапкершілігі үлкен әсер қалдырды.
Мұндай пайдалы әрі шабыт сыйлаған іс-шараны ұйымдастырған жетекшіміз Агзамов Мұхамедолла ағайға зор алғысымызды білдіреміз! Теориялық білімімізді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік жасап отырғаныңыз үшін ризашылығымыз шексіз.
«Алтын Шығыс» – атына заты сай кәсіпорын!
Бұл экскурсия бізге тек білім ғана емес, мотивация мен жаңа мақсаттар сыйлады. Болашақта дәл осындай кәсіпорындарда еңбек етіп, отандық өндірісті дамыту – біздің басты ұмтылысымыз болмақ!