11 апреля 2025


ӨҢІР ТАЛАПКЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН АУҚЫМДЫ КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің өкілдері облыстағы әр ауданда кәсіби бағдар беру жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Педагогика жоғары мектебі Риддер қаласындағы 12 мектепке барып, талапкерлермен кездесті.

– Біз кездесу барысында оқушыларға университетпен толық танысуға мүмкіндік беретін қажетті ақпаратты тараттық. Оқушылар білім алуға жасалған жағдайлар туралы сұрап, еркін пікір алмасты, – деді Педагогика жоғары мектебінің деканы Гүлнар Күленова.

Болашақ мамандығы мен жоғары оқу орнын таңдап қойған талапкерлер көп. №3 орта мектептің оқушысы Әмина Ақжолова альма-матерде клиникалық психолог мамандығы бойынша білім алуды жоспарлап отыр.

Бизнес және құқық жоғары мектебі мен Жоғары колледжінің өкілдері Тарбағатай ауданына барып, кәсіби бағдар беру мақсатында мектеп бітіруші түлектермен кездесті.

Университет өкілдері педагогикалық мамандықтар, білім беру бағдарламалары және гранттық мүмкіндіктер туралы толық мәлімет берді.