12 апреля 2025


ЖОО ҒАЛЫМЫ І РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ЖАС ҒАЛЫМ» ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ

Елордада Қазақстанның әр түкпірінен келген 300-ден астам жас ғалымның басын қосқан І Республикалық «Жас ғалым» форумы өтті. Іс-шараға «Жас ғалым» қаржыландыру конкурсының жеңімпазы, ШҚУ-дың ғылыми қызметкері Меруерт Мәулет қатысты.

Форум барысында қатысушылар мемлекет тарапынан ғылымды дамыту үшін  жасалып жатқан мүмкіндіктерді талқылады. Сондай-ақ, ғалымдар елдің ғылыми әлеуетін нығайту және ғылыми қауымдастықтарды ілгерілету жөніндегі идеяларымен, ұсыныстарымен бөлісті.

Өз кезегінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жас ғалымдарды Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, ғылыми қауымдастықтарды бір-бірін қолдауға шақырды.

– Қазіргі уақытта бізге мықты команда, практикалық идеялар мен жобалар қажет. Пәнаралық зерттеулердің әлеуеті мен тиімділігі жоғары болып отыр. Біз сіздердің бастамаларыңызды қолдаймыз, өздеріңізге сеніңіздер! Мүмкіндіктерді пайдаланыңыздар. Бізге жаңа жобалар мен жаңа есімдер керек. Еліміздегі 25,5 мың ғалымның 46 пайызы – 40 жасқа дейінгі жас ғалымдар екендігі қуантады, – деді министрлік басшысы.

Еске сала кетейік, «Жас ғалым» гранттық бағдарламасын ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі үш жылдан бері жүзеге асырып отыр. 

Бағдарламаның мақсаты – постдокторантура институтын қолдау арқылы еліміздегі жас зерттеушілер санын арттырып, Қазақстанның ғылыми әлеуетін нығайту. Бағдарлама іске қосылғаннан бері байқау негізінде 688 грант берілді.