12 апреля 2025


ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ СЕНБІЛІККЕ ҚАТЫСТЫ

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Amanzholov University студенттері университет ректорының қатысуымен кең ауқымды сенбілікке белсене қатысты. Іс-шара өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірлік пен ортақ жауапкершілік рухында өтті.

Университет ректоры жастардың экологиялық мәселелерге жауапкершілікпен қарап, белсенді атсалысуының маңыздылығын атап өтті.

– Біз студенттерге тек білім беріп қана қоймай, оларда табиғат пен қоғам алдындағы жауапкершілікті қалыптастыруға тырысамыз. Мұндай акцияларға қатысу – экологиялық сана қалыптастырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, оң өзгерістерге шабыт береді, – деді Amanzholov University ректоры Мұхтар Төлеген.

Экологиялық акция тек аумақты тазарту ғана емес, университеттің студенттері мен оқытушыларының азаматтық ұстанымы мен бірлігінің жарқын үлгісіне айналды.