12 апреля 2025


ШҚУ РЕКТОРЫ ҒАЛЫМДАРДЫ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Құрметті ғалымдар!

Сіздерді шын жүректен Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бұл мереке 2011 жылдан бастап елімізде ресми түрде бекітілген. Ғылым қызметкерлері күні – бұл еңбегімен жарқын болашаққа жол ашатын, ел экономикасын нығайтып, кемел келешегін қалыптастыратын жандардың мерекесі!

Бүгінгі мерекені біз «SHYGYS BASTAU» технопаркі алаңында, ғылыми-технологиялық ізденіс пен жастар энергиясының орталығында қарсы алып отырғанымыз – ерекше мәнге ие.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ғылымның дамуына еселі үлесін қосып келеді. Біз өз ісіне адал, жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болған ғалымдарымызбен, атап айтқанда, «Құрмет» орденімен марапатталған профессорлар Сқақов М.Қ., Завалко Н.А., Нұрғожина А.Б. мақтанамыз. Соңғы бес жылда әртүрлі саладағы бірқатар мамандарымыз ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін ведомстволық марапаттарға ие болды. Біз өңірде кеңінен танылған, елімізде мойындалған ондаған бірегей ғылыми жобаларды жүзеге асырдық. Бүгінгі таңда өзекті ғылыми мәселелерді шешуге белсенді атсалысып, келешегі зор бағыттарды дамытып, жаңа технологияларды жүзеге асырудамыз.

Ғылым – дамудың қозғаушы күші, ал «SHYGYS BASTAU» технопаркі – идеялар нақты ғылыми жобалар мен шешімдерге айналатын орда.

Барша ғылым қызметкерлеріне шынайы алғысымды білдіремін! Еңбектеріңізге табыс, зор денсаулық, жаңа ғылыми жаңалықтар мен батыл жобалардың жүзеге асуын тілеймін!

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген