14 апреля 2025
ШҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ӨҢІРДЕГІ ЕРЕКШЕ ТЕХНОПАРКПЕН ТАНЫСТЫ
Ғылым қызметкерлері күніне орай Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев өңірдің жетекші жоғары оқу орны – Amanzholov University-ге барды. Аталған университет ғылыми жобалар арқылы өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Ербол Нұрғалиев ШҚО-да ғылымды дамыту мақсатында коммерцияландырылған және стартап жобаларды қолдайтын «SHYGYS BASTAU» технопаркінің қызметімен танысты. Бүгінгі таңда технопарк аясында келесі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Су нысандарын тазартуға арналған композициялық сүзгі материалдарын өндіру технологиясын коммерцияландыру», «Арнайы білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық дайындау және әдістемелік-технологиялық қолдау бойынша құзырет орталығы», сондай-ақ «Климаттың жаһандық өзгеруі жағдайында Қазақстанның агроценоздарының су режимін мониторингтеу және болжау» гранттық жобасы.
Аталған жобалар аясында университеттің ғалымдары мен әзірлеушілері зерттеу, талдау, болжау, тіпті өндіріс жұмыстарымен айналысуда. Технопарк ішінде психолог-дефектолог мамандарға арналған кәсіби үстелдер, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту және дамытуға арналған вертикализаторлар, парталар мен техникалық құралдар жасалуда. Қазіргі уақытта 5 пайдалы модельге патент, 12 оқу-әдістемелік құрал, интерактивті тренажер, альбом және бағдарламаларға авторлық куәлік алынған.
Мысалы, заманауи көпфункционалды кешен: сенсорлық моноблогы бар, көлбеу беті реттелетін үстелді, кіріктірілген құмсалғышы, жарықтандыруы және логопедиялық айнасы бар тумбаны қамтиды. Пішіні мен биіктігі баланың бойына қарай автоматты түрде реттеледі. Кешен 500-ден астам тапсырмадан тұратын авторлық интерактивті тренажерлармен жабдықталған. Шетелдік баламаларының құны 3 млн теңгеден жоғары, ал ұсынылып отырған кешен барлық керек-жарақтарымен бірге 1,8 млн теңгеден аспайды.
Облыс әкімінің орынбасары инклюзия мәселесінің маңыздылығын атап өтіп, университет басшылығымен осындай арнайы жиһаздарды Қазақстан бойынша кеңінен енгізу мүмкіндіктерін талқылады.
Коммерцияландырылған жобаларды іске асыру мақсатында талапқа сай заманауи жабдықтар сатып алынды. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне құны 125 миллион теңгеден асатын су сүзгілерін шығаратын L-BW 380 құрал-жабдығы алынды. Бұл жабдық ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Су нысандарын тазартуға арналған композициялық сүзгі материалдарын өндіру» жобасы аясында алынды. Жоба жетекшісі, университеттің аға ғылыми қызметкері Тілек Қуанышбековтің айтуынша, жаңа техника сүзгілерді дайындаудың маңызды кезеңін сапалы орындауға көмектеседі.
Айта кетейік, бұл жоба 2023 жылы таныстырылған. Ол әлемдегі тұщы судың сапасының төмендеуін шешуге бағытталған. Университет ғалымдары биополимерлерге, керамикалық және көміртекті материалдарға негізделген, графит оксидімен өңделген сорбенттерді жасап, оларды сүзгі картридждеріне жинауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, сүзгілердің корпустары да университет базасында дайындалады.
Жоба нәтижесінде дайындалған өнім жақын уақытта өндіріс орындарында және тұрғын үйлерде қолдануға берілмек. Сүзгі суды ауыр металдардан, микроағзалар мен органикалық қосылыстарды тиімді тазартады.
Сондай-ақ университеттің «Беттік инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығына құны 90 миллион теңге болатын растрлық электрондық микроскоп орнатылып, іске қосылды. Бұл құрылғы материалдардың беткі құрылымын, формасын және құрамын зерттеуге мүмкіндік береді. Қазір бұл жабдықты ғылым саласындағы түрлі зерттеулерде қолданып жатыр.
Сонымен қатар, Ербол Жолдаспекұлы ШҚО-да көктемгі қар еріген кездегі тасқындарды болжауға арналған жүйені әзірлеу жобасына ерекше назар аударды. Бұл жүйе қашықтықтан зондтау, ГАЖ технологиясы мен машиналық оқыту әдістеріне негізделген. Ғалымдардың айтуынша, жоба көктемгі су тасқынына бейім аумақтарды зерттеу мен өзен бассейндеріндегі қар қорының нақты бағасын беруге бағытталған.
— Мемлекет үшін халықтың күнделікті мәселелерін тиімді шешетін жобалар аса маңызды. Аталған жоба суармалы сумен қамтамасыз ету, су тасқынынан қорғау және гидротехникалық нысандар салу тұрғысынан ерекше мәнге ие, — деді Ербол Нұрғалиев.
Ғалымдар сондай-ақ, жер өңдеу машиналарының жұмыс бөліктерін күшейтуге арналған ресурсты үнемдейтін технологиялармен де таныстырды. Жоба жер өңдейтін құралдардың кескіш жүзін электрфрикциялық өңдеу арқылы тозуға төзімді қабат қалыптастыруға бағытталған. Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, бұл технология энергетикада, ауыл шаруашылығында, құрылыс және тау-кен машина жасау салаларында аса қажет.
— Біздің басты мақсатымыз – ғылыми-технологиялық даму көшбасшылығына жету, инновацияны кеңінен енгізу және өнеркәсіп пен мемлекеттік мекемелермен тиімді әріптестік орнату. «SHYGYS BASTAU» технопаркі — ШҚУ-дың стратегиялық алаңдарының бірі, — деді университет ректоры Мұхтар Төлеген.
Бүгінде «SHYGYS BASTAU» ғылыми орталығы Үндістан, Малайзия, Түркия, Қытай елдерінің университеттері мен компанияларымен тығыз әріптестік орнатқан. Шетелдік серіктестердің үздік тәжірибесін зерттей отырып, ғалымдар ғылыми консорциумдар құрып, ҚР ҒЖБО гранттық конкурстарына өтінімдер беруде.
— Біз өңіріміздің ғылыми және экономикалық дамуына үлес қосқымыз келеді. Технопарк құрамында цифрлық технологиялар мен модельдеу зертханасы, инновациялық технологиялардың ғылыми-өндірістік зертханасы бар, — деді технопарк жетекшісінің орынбасары Алмасбек Мәуліт.
ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев университет ғалымдарының нәтижелі қызметін жоғары бағалап, олардың әлеуеті мен отандық ғылымға қосқан үлесін атап өтті. Оның айтуынша, технологиялар қарыштап дамыған заманда жүйелі зерттеулер мен терең білімге ерекше назар аудару қажет.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды стратегиялық маңызы бар сала деп атаған болатын. Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру 3,5 есе өсті, жас ғалымдарды қолдау күшейді. Бүгінде Қазақстанда 25 мыңнан астам ғалым бар, олардың жартысы – 40 жасқа дейінгі жастар. Айта кетейік, Amanzholov University-де 120 жас ғалым еңбек етуде. Бұл – отандық ғылымның жаңа буыны қалыптасып келе жатқанының дәлелі.