15 апреля 2025
БАСПАСӨЗ ТУРЫ:«DANA BALA»– ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДЕГІ ИННОВАЦИЯ
Amanzholov University-де инклюзия саласын дамытуда серпінді қадамдармен алға ілгерілеп келе жатқан инновациялық алаң – “Dana Bala” үздіксіз инклюзивті білім беру орталығы үш жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Орталықта жоғары білім, ғылым, психология және медицина салалары өзара үндесе отырып, инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелерді тиімді шешуге бағытталған.
Орталық – студенттерді сапалы оқыту, оларды жоғары оқу орнын аяқтаған соң практикалық дағдылармен қаруланған білікті маман ретінде даярлау, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған. Жұмыстың пәнаралық тәсілмен ұйымдастырылуы және ғылыммен тиімді байланыс орнатылуы дефектология, психология, бейімделген дене шынықтыру мамандары мен студенттердің бірлесіп жаңа әдістемелерді тәжірибе жүзінде әзірлеуіне, авторлық куәліктер мен патенттер алуына мүмкіндік береді.
2023 жылы университет ғалымдары «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау, оңалту және әдістемелік-технологиялық сүйемелдеу бойынша құзыреттілік орталығы» жобасына гранттық қаржыландыру жеңіп алды. Жоба “Dana Bala” орталығының базасында жүзеге асырылуда.
Авторлардың бірі Алимa Әліпованың айтуынша, жобаның нәтижелері ерекше балалардың әлеуметтік бейімделуі мен білім сапасын қамтамасыз ету мақсатында дефектологтар мен психологтар тарапынан кешенді диагностика және түзету жұмыстарында қолданылуда.
Коммерцияландырылған жоба аясында авторлық әдістемелік құралдар, оқу-әдістемелік конструкторлар, психолог-дефектолог маманына арналған кәсіби үстел, вертикализатор, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған парталар мен оңалту және даму құралдары әзірленді.
Жобаны жүзеге асыру барысында 5 пайдалы модельге патент және 12 оқу-әдістемелік құралға, интерактивті тренажерлерге, альбомдар мен бағдарламаларға авторлық куәліктер алынды.
Алғашқы және елеулі өнертабыстардың бірі – кресло-вертикализатор, биіктігі реттелетін парталар мен орындықтар болды. Арнайы жиһаздарды университеттің әзірлеуші командасымен қатар, белсенді студенттер де жасап шығаруда.
Бастапқы кезеңде өнімнің барлық үлгілері «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы мен церебралды параличі бар балаларды оңалтуға арналған «DEMEY» қолдау орталығының базасында сынақтан өтті.
Сонымен қатар, университет ғалымдары заманауи трендтерден қалыс қалмай, жасанды интеллект (AI) технологияларын өз еңбектеріне енгізуде. Осылайша, зерттеушілер сөйлеу қабілеті тежелген балаларға арналған заманауи құралдармен жабдықталған дефектологқа арналған интерактивті үстелді ойлап тапты. Оның басты артықшылығы – қазақ тіліндегі логопедиялық түзетуге арналған авторлық әдістемелер мен жаттығулар.
Қазақстанда баламасы жоқ бұл интерактивті үстел дефектологтар мен логопед мамандар үшін арнайы әзірленген. Оның құрамына сенсорлы моноблок, интерактивті панель, кәсіби логопедиялық айна, логопедиялық карточкалар мен әдістемелік материалдар кіреді. Атап айтқанда, дыбыстарды автоматтандыру мен қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыруға арналған 100-ден астам тапсырма қамтылған. Бұл құрал сөйлеу тілі ауыр бұзылған, психикалық дамуы кешеуілдеген және жеңіл дәрежедегі интеллектуалдық бұзылыстары бар балаларға түзету жұмыстарын жүргізуге де қолайлы.
— Бұл көпфункционалды құрылғы фонематикалық қабылдау, көру және вербалды жад, сөздік-логикалық ойлау, дыбысты дұрыс айту, екпін қою секілді мәселелерді шешуге көмектеседі. Қазіргі таңда бұл үстел мектепке дейінгі ұйымдарда, түзету балабақшаларында, оңалту орталықтарында және түзету кабинеттерінде сынақтан өтті, — деді логопед-дефектолог, психология және коррекциялық педагогика кафедрасының сениор-лекторы, дефектология магистрі Рауан Байчинов.
Түзету жұмыстарын жүйелі әрі логикалық әдістемесіз жүргізу мүмкін емес екені белгілі. «Dana Bala» мамандарының арқасында сөйлеу қабілетінде бұзылыстары бар мектеп жасына дейінгі балаларды оқытудың жаңа әдістері мен олардың ата-аналарына, сондай-ақ педагогтерге арналған әдістемелік құралдар әзірленді. Бұл идеяның авторы – жоғары білікті логопед-дефектолог, ЖОО оқытушысы Рауан Байчинов. Ғалымның командасы мнемотехника карточкалары, логоритмика, логопедиялық альбом, дыбыстарды дұрыс айтуға арналған құрал және тұтықпасы бар балаларға арналған QR-коды бар оқу кітаптары секілді бірнеше әдістемелік құрал түрін ұсынады.
Барлық материалдардың қазақ тілінде әзірленгені ерекше назар аударарлық. Алайда ғалымдар орыс тіліндегі нұсқаның да сұранысқа ие екенін атап өтті.
ШҚУ ғалымдары дыбыстарды дұрыс айтуға да ерекше көңіл бөледі. Логопедиялық тәжірибеде дыбыс шығару бұзылысы 6-7 жас арасындағы балаларда көптеп кездесетіні анықталған. Атап айтқанда, сықырлауық, ызыңдаушы үнді дыбыстар тобының орнын алмастыру, бұрмалау, араластыру секілді бұзылыстар жиі байқалады. Мұндай балаларға жүйелі, тиімді және жекелендірілген логопедиялық көмек қажет. Сонымен қатар, тіл, музыка және дене жаттығулары арқылы жүзеге асырылатын емдік ритмикаға арналған әдістемелік құрал да жасалды. Ғылыми түрде дәлелденгендей, логоритмика сөйлеуінде түрлі бұзылыстары бар балаларға, әсіресе сөйлеудің қалыптасу кезеңінде оң әсер етеді.
Ауқымды жұмыстың аясында ШҚУ командасы ойын жаттығулары кешенінен тұратын логопедиялық альбом әзірледі. Жинаққа қызықты тәжірибелік тапсырмалар іріктелген.
— Қазақстанда 200 мыңнан астам бала инклюзивті білім беруді қажет етеді, ал ШҚО бойынша бұл көрсеткіш 11 мыңнан асады. Біз бұл мәселені зерттеп, талдай отырып, жаңа әрі тиімді шешімдерге келіп отырмыз, — деп атап өтті орталық жетекшісі Алима Әліпова.
Өнертапқыштар өз жұмыстарын үнемі жетілдіріп келеді. Соның ішінде, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы жиһаз түрлері де бар. Бұл жиһаздарды үй жағдайында да қолдануға болады.
Мысалы, кресло-вертикализатор, биіктігі реттелетін парта мен орындық, көпфункциялы төсек- вертикализатор сияқты жабдықтар әзірленді. Барлық ноу-хау қауіпсіздік қағидаттарын басшылыққа ала отырып жасалған. Сондықтан жиһаз өндірісінде ағаш, экологиялық былғары секілді материалдар пайдаланылады, ал барлық бұрыштарын жұмсақ қылып қаптаған.