15 апреля 2025


«ЖОО-ДА ИНКЛЮЗИВТІ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ» ТРЕНИНГІ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің психология және коррекциялық педагогика кафедрасының сениор-лекторы Арай Тенкебаева республикалық баспасөз туры барысында «Инклюзивті мәдениетті қалыптастыру» атты біліктілікті арттыру курстарын таныстырды.

Қазақстандағы инклюзияны дамытуға бағытталған көпқырлы стратегияның маңызды кезеңдерінің бірі – авторлық курстар өткізу. Оқу бағдарламасы бір айда 72 сағат көлемінде мазмұнды әрі өзекті ақпарат ұсынады.

Курс соңында педагогтар инклюзивті білім берудің теориялық-әдістемелік негіздері, оның нормативтік-құқықтық базасы, сондай-ақ Д.Митчеллдің формуласы бойынша жүйелі көзқарас туралы жан-жақты білім алады.

– Тренинг теория мен тәжірибеге негізделген. Тыңдаушыларға түрлі жаттығулар ұсынылады. Мысалы, көру қабілеті шектеулі жандардың кеңістікте бағдарлануын түсінуге бағытталған «Жетелеуші» жаттығуы бар. Мұнда бір қатысушының көзі байланады, ал екіншісі оған сөзбен жүру бағытын түсіндіріп, қажетті әрекетті орындауға көмектеседі, – деді Арай Тенкебаева.

Сонымен қатар, курс бағдарламасына есту және сөйлеу қабілетінде қиындықтары бар жандардың қарым-қатынастағы кедергілерін сезінуге арналған «Түсінші» жаттығуы енгізілген. Ал тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдардың жағдайын түсінуге арналған «Хат» жаттығуы барысында қатысушылар тек сол қолдың сұқ саусағы мен шынашағын пайдаланып, өз есімі мен білім беру бағдарламасының атауын жазып көреді.

Бұл курстан өткен педагогтер ерекше қажеттіліктері бар білім алушылар үшін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу бойынша жеке бағдарламалар құрастырып, білім беру үдерісін тиімді түрде бейімдей алатын болады.

Айта кету керек, университет мамандары білім беру саласында инклюзия қағидаттарын табысты жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлар мен тиімді қолдау тетіктерін қалыптастыруға тұрақты түрде ерекше көңіл бөлуде.