15 апреля 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY РЕКТОРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПӘНДІК ОЛИМПИАДА ҚАТЫСУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ректор Мұхтар Төлеген республикалық пәндік олимпиадаға қатысушы студенттермен кездесті.

Университет басшысы кездесу барысында студенттерге қолдау білдіріп, алдағы зияткерлік сайысқа сәттілік тіледі.

– Сіздер өз білімдеріңіз бен табандылықтарыңызды дәлелдеп, үлкен жолдан өттіңіздер. Алда маңызды сынақ күтіп тұр. Бұл – өзіңізді танытуға ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды студенттермен тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік. Сіздерге жеңіске деген құлшыныс, шабыт және сенімділік тілеймін, – деді ректор.

Республикалық пәндік олимпиада 21–24 сәуір аралығында Алматы, Астана және Павлодар қалаларында өтеді. Қазақстанның әр өңірінен келген студенттер қазақ тілі мен әдебиеті, журналистика, Қазақстан тарихы және биология пәндері бойынша бақ сынайды.

Айта кету керек, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу педагогикасы» білім беру бағдарламасының екінші курс студенттері І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде өткен республикалық пәндік олимпиадада «Пәндік мамандандырусыз мұғалімдерді даярлау» бағыты бойынша жүлделі І орын иеленді. Команда жетекшісі – педагогикалық білім және менеджмент кафедрасының аға оқытушысы Гүлмира Мақшиева.

Бүгінгі кездесуде студенттерге маңызды бағыт-бағдар берілд. Ректордың жүрекжарды тілектері оларды жаңа белестерді бағындыруға жігерлендірді.