16 апреля 2025


ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ БАР БАЛАЛАРМЕН ЖҮРГІЗІЛЕТІН ТҮЗЕТУ ЖҰМЫСТАРЫ: ПРАКТИКА БАЗАЛАРЫНА БАРУ

“Білім берудегі шексіздік: инклюзивтік орталыққа баспасөз туры” аясында республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері университеттің көпжылдық серіктестерінің базасын аралап көрді. Журналистер жекеменшік «DEMEY» оңалту және түзету орталығының және мемлекеттік «Ақ ниет» мектеп-интернатының материалдық-техникалық базасымен және қызмет барысымен танысты.

«DEMEY» орталығы тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға кешенді түзету қызметтерін көрсетеді. Мұнда емдік дене шынықтыру, физиотерапия, логопед, дефектолог, массаж, эрготерапия бойынша жеке және топтық сабақтар өткізіледі.

Орталық директоры Мадина Ауренова инклюзивті білім берудегі негізгі мәселе – дипломды мамандардың жетіспеушілігі деп атап өтті. Бұл бағытта С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың кадрлық әлеуетке қосқан үлесі өте жоғары. Мадина Дәулетқанқызы «DEMEY» орталығында жұмыс істейтін мамандардың 100%-ы — С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің түлектері екенін айтты.

– Осында жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің барлығы – мен түлеп ұшқан альма-матерден білім алған студенттер. Бұл жерде студенттер 3-4 ай бойы өндірістік тәжірибеден өтеді. Кейін біз оларды бос жұмыс орындарына жұмысқа қабылдаймыз. Бұл – үздіксіз жалғасып келе жатқан тиімді серіктестік процесі. Біз ШҚУ студенттерінің теориялық және практикалық білімдеріне толық қанағаттанамыз, сондықтан жаңа білікті кадрларды әрқашан қуана қарсы аламыз, – деді Мадина Ауренова.

Айта кетейік, орталық 2019 жылы құрылған. Осы уақыт ішінде орталық мамандары жүздеген тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға көмек көрсетті. Бүгінде «DEMEY» орталығын 80 бала тұрақты түрде келіп тұрады.

Экскурсия аясындағы екінші нысан – 2017 жылдан бері ресми түрде жұмыс істеп келе жатқан «Ақ ниет» мектеп-интернаты болды.

Мекеменің қызметі бірнеше бағытта жүргізіледі: білім беру, түрлі бағыттағы қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыру, тәрбиелеу және тірек-қимыл аппараты, көру, есту және сөйлеу қабілеттері бұзылған, бірақ зияткерлігі сақталған балалар мен жасөспірімдерді жан-жақты дамыту, психологиялық-медициналық-педагогикалық және түзету қолдауы.

Мұнда барлық қажетті жағдайлар жасалған: кедергісіз орта, жаңа үлгідегі оқу кабинеттері, арнайы жабдықталған логопед, дефектолог, психолог кабинеттері, ЛФК залы, сенсорлық бөлме, физиотерапия кабинеті бар. Интернат заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған. Орталыққа С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дан білім алған жоғары білікті мамандар тартылған.

Сонымен қатар, Amanzholov University-мен жасалған меморандум аясында мектеп-интернат университеттен авторлық вертикализатор-орындық сатып алған, ол ерекше білім беруді қажет ететін бір оқушыны оқытуда сәтті қолданылып жүр. Қазіргі уақытта бұл жаңа үлгідегі мекемеде 100 бала білім алуда.

«Ақ ниет» директоры Светлана Кривицкаяның айтуынша, мұндай мектеп ерекше қажеттіліктері бар балаларды ересек өмірге дайындап, ертеңгі күнге деген сенім ұялатады.