16 апреля 2025
«ҚОЛЖЕТІМДІ БІЛІМ БЕРУГЕ АПАРАТЫН ЖОЛ: ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН МЕКТЕПТЕРІ ҮШІН ПЕДАГОГ-АССИСТЕНТТЕРДІ ДАЙЫНДАУ
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда инклюзивті білім алуды қажет ететін 230
мыңнан астам ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала бар. Тек Өскемен қаласының
өзінде екі мыңнан астам бала білім алып жатыр. 2021 жылдан бастап Қазақстан
Республикасының білім беру жүйесіне жаңа педагог-ассистент мамандығы енгізілді.
Ол мұғалім мен оқушы арасындағы байланысты жүзеге асырады.
Бұл мәліметтер қазақстандықтарды инклюзия тақырыбында кеңінен
ақпараттандыруды және педагогтердің жетілдірілген моделін енгізудің
маңыздылығын көрсетеді. Рауан Байчинов пен Алимa Әліпова әзірлеген ерекше
балаларды сүйемелдейтін педагог-ассистенттерге арналған біліктілікті арттыру
бағдарламасының негізгі мақсаты да осы. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан
университетінің мамандары біліктілікті арттыру курсын дайындап, бүгінде жалпы
білім беретін мектептерде қызмет ететін 150-ден астам педагогті оқытып шығарды.
Бұл жайлы өңірдегі жетекші оқу орнында өткен республикалық баспасөз туры
аясында белгілі болды.
72 сағатты қамтитын бір айлық курс бағдарламасы бес модуль бойынша
дәрістерді, практикалық сабақтарды, өзіндік жұмыстар мен курстық жобаны
қорғауды қамтиды. Тақырыпты тереңірек түсіну үшін пікірталас пен рефлексия,
құжаттармен жұмыс және шағын топтарда тәжірибелік тапсырмалар ұйымдастырылады.
Тыңдаушылар үшін курстың ұзартылған нұсқасы да қарастырылған – екі айлық, 135
сағаттық оқу.
Курс авторларының айтуынша, оқу аяқталғаннан кейін «педагогтер 2.0»
оқушының мүмкіндіктерін кешенді түрде бағалау әдістерін меңгеріп, жеке даму
бағдарламаларын құрастыру технологияларын игеріп шығады. Сондай-ақ олар
халықаралық және отандық нормативтік-құқықтық базаның негіздерін,
психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу құжаттарын жүргізу тәртібін меңгереді.
– Қазіргі таңда мектептерде педагог-ассистент лауазымы белсенді түрде енгізілуде. Бұл – әлемдік тәжірибе. Біз жаңа мұғалімдерді оқыту арқылы қазақстандық білім беру жүйесін жаңғыртуға үлес қосып жатырмыз, – деді «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алимa Әліпова.
Курстар С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында
өтеді. Университет өзін инклюзивті білім беруге эволюциялық көзқараспен
қарайтын бірегей платформа ретінде танытты. Мұнда ерекше балалармен жұмыс
істеуге арналған арнайы жиһаз, смарт технологиялар мен авторлық әдістемелер
жүйелі түрде әзірленеді.
– Бүгінге дейін 154 педагогті дайындап шығардық. Бірнеше топты оқыттық.
Курсқа қызығушылық танытқандар саны үнемі артып келетіні қуантады. Бұл қоғамда
мәселені шешуге мән беріп, жағдайдың дұрыс бағамдалып жатқанын көрсетеді. Айта
кетейін, педагогикалық білімі бар кез келген адам педагог-ассистент курсына
қатыса алады, – деді ШҚУ психология және коррекциялық педагогика кафедрасының
сениор-лекторы Рауан Байчинов.
Курстың алғашқы тыңдаушыларының бірі Салтанат Базарханова бұл мамандықтың
қажеттілігін алғаш қалай түсінгенін еске алды.
– Мен білім беру саласында ұзақ жылдан бері жұмыс істеймін. Жүздеген оқушы
тәрбиеледім, тәжірибем де жеткілікті. Дегенмен, жаңа мамандықты игеру ешқашан
кеш емес. Жақында сыныбыма сөйлеу қабілеті тежелген бала келді. Сол сәтте
біліктілігімді арттыру қажеттігін түсіндім. Қазір сол балаға осы курста
үйренген әдістерді қолданып жүрмін. Көп уақыт өтпесе де, арнайы әдістер арқылы
ол ашыла бастады. Біз өзара тіл табысып, сенімді қарым-қатынас орнатып кеттік.
Менің уақыт өте келе ерекше оқушым сөйлеп кететініне сенемін, — деді Салтанат
Базарханова.
Айта кетейік, курс бағдарламасы еуропалық тәжірибеге негізделген. Бұл
тыңдаушыларға өзекті тақырыпты тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін авторлық
жобаның тағы бір артықшылығы болып табылады.