16 апреля 2025


«SHYGYS-BASTAU» ТЕХНОПАРКІНЕ ЭКСКУРСИЯ

Өңірдегі ең ірі жоғары оқу орны — Amanzholov University базасында «SHYGYS BASTAU» технопаркі жұмыс істейді. Технопарктiң мақсаты — Шығыс Қазақстан облысында ғылымды белсенді дамыту үшін коммерцияландырылған және стартап жобаларды қолдау. Өңірдегі бірегей орталық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне республикалық тур аясында таныстырылды.

Қазіргі уақытта технопаркта келесі жобалар жүзеге асырылуда: «Су айдындарын тазартуға арналған композициялық сүзгі материалдарын өндіру технологиясын коммерцияландыру», «Арнайы білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау жөніндегі құзіреттілік орталығы». Бұл жобаларға бөлінген жалпы қаржы сомасы — 438 400 000 теңге. Сонымен қатар, климаттың жаһандық өзгеруі жағдайында Қазақстандағы агроценоздардың су режимін мониторингтеу және болжау бойынша гранттық жоба да жүзеге асырылып жатыр.

Аталған жобалар аясында университеттің ғалымдары мен әзірлеушілері зерттеулер, талдаулар, болжау және тіпті өндіріс жұмыстарымен айналысады. Технопарктің қабырғасында психолог-дефектолог мамандарына арналған кәсіби үстелдер, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған вертикализаторлар, парталар, сондай-ақ реабилитациялық және дамытуға бағытталған техникалық құралдар белсенді түрде жасалуда. Қазіргі таңда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық даярлау және әдістемелік-технологиялық қолдау жобасы бойынша 5 пайдалы модельге патент және 12 оқу-әдістемелік құралдарға, интерактивті тренажерларға, альбомдарға, бағдарламаларға авторлық куәлік алынған.

Мысалы, сенсорлық моноблокпен жабдықталған, еңкейетін үстелі, жарық шамы мен логопедиялық айнасы орнатылған тумбасы бар заманауи көпфункционалды кешен дайындалған. Оның биіктігі мен орналасуы баланың бойына қарай автоматты түрде реттеледі. Бұл кешен 500-ден астам тапсырмасы бар авторлық интерактивті тренажерлармен жабдықталған. Шетелдік аналогтарының құны 3 миллион теңгеден асса, отандық кешен барлық керек-жарағымен бірге 1,8 миллион теңгеден аспайды.

Коммерцияландырылған жобаларды іске асыру аясында заманауи стандарттарға сай жабдықтарды сатып алу көзделген. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да су сүзгілерін өндіруге арналған L-BW 380 құрылғысы сатып алынды. Құны — 125 000 000 теңге. Бұл жабдыққа ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Су айдындарын тазартуға арналған композициялық сүзгі материалдарын өндіру» коммерцияландыру жобасы аясында қол жеткізілді. Жобаның жетекшісі, университеттің аға ғылыми қызметкері Тлек Куанышбековтің айтуынша, жаңа техника сүзгілерді өндірудің маңызды кезеңін сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, 2023 жылы таныстырылған «Су айдындарын тазартуға арналған композициялық сүзгі материалдарын өндіру» жобасы әлемдегі өзекті мәселе — тұщы судың сапасының төмендігін шешуге бағытталған. ШҚУ ғалымдары биополимерлер, керамикалық, көміртекті материалдар мен графит оксидімен модификацияланған сорбенттер негізінде сүзгі композицияларын жасап, оларды картриджге жинақтаумен айналысуда. Сонымен қатар, корпус бөліктері де университет базасында жасалуда. Жобаның соңғы өнімі жақын арада ірі кәсіпорындар мен тұрғын үйлерге бейімделмек. Бұл халықтың ауыр металдар, микроағзалар және органикалық қосылыстар сияқты ластаушы заттардан тиімді қорғалуын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Беткі қабатты инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығында құны 90 миллион теңге болатын растрлық электронды микроскоп орнатылып, іске қосылды. Бұл құрылғы беткі қабаттың құрылымын, микрорельефін, морфологиялық ерекшеліктері мен элементтік құрамын зерттеуге мүмкіндік береді. Жабдық қазіргі таңда материалтану, металлургия, биомедицина және басқа салалардағы іргелі және қолданбалы зерттеулер үшін қолданылады. Сонымен қатар, университет ғалымдары қашықтықтан зондтау деректері, ГАЖ технологиялар және машиналық оқыту негізінде Шығыс Қазақстан облысындағы апаттық су тасқындарын болжау жүйесін әзірлеу үстінде. Жоба су ресурстарын басқаруға ғылыми негіз қалыптастыра отырып, сумен жабдықтауды қолдауға, су тасқындарынан қорғауға және гидротехникалық құрылыстар салуға бағытталған.

Ғалымдардың жетістіктері мұнымен тоқтап қалмайды. Олар топырақ өңдейтін машиналардың пышақтарын нығайтуға арналған ресурс үнемдейтін технологиялар әзірледі. Жоба топырақ өңдеу құралдарының кескіш бөлігін нығайтуға арналған электрофрикциялық технологияны зерттеуге және әзірлеуге арналған. Электрофрикциялық өңдеу нәтижесінде тозуға төзімді сапалы қабат түзіледі. Бұл жоба энергетика, ауыл шаруашылығы, құрылыс және тау-кен машина жасау салалары үшін маңызды.

— Біздің басты мақсатымыз — ғылыми-технологиялық дамуда көшбасшылық, инновацияларды белсенді енгізу және өнеркәсіп пен мемлекеттік мекемелермен тиімді ынтымақтастық орнату. «SHYGYS BASTAU» технопаркі — бұл ШҚУ-дың стратегиялық маңызды алаңдарының бірі, — деді университет ректоры Мұхтар Төлеген.

Бүгінде «SHYGYS BASTAU» ғылыми орталығы Үндістан, Малайзия, Түркия, Қытай елдерінің серіктес жоғары оқу орындары мен компанияларымен тығыз жұмыс жасауда. Серіктес университеттердің үздік тәжірибелерін зерттеу аясында олар бірлескен ғылыми коллаборациялар әзірлеп, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми гранттарына өтінімдер беруге мүмкіндік алуда.

— Біз өңіріміздің экономикалық және ғылыми өсіміне үлес қосқымыз келеді. Технопарк құрамына цифрлық технологиялар және модельдеу зертханалары, инновациялық технологиялар ғылыми-өндірістік зертханасы кіреді, — деді «Shygys Bastau» технопаркінің басшы орынбасары Алмасбек Мәуліт.

Еске салсақ, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды стратегиялық маңызды сала деп атап өткен болатын. Соңғы жылдары отандық ғылымды қаржыландыру 3,5 есе артты, жас ғалымдарды қолдау күшейтілді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті мен шаруашылық келісімшарттар аясындағы ғылыми жобаларды қаржыландыру көлемі 110 млн теңгеден (2017ж.) 4,2 млрд теңгеге (2024ж.) дейін артты.