17 апреля 2025
ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ: «РЕСЕЙ МЕН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДАҒЫ ЖАСТАР САЯСАТЫ»
16 сәуірде С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Д. Банзаров атындағы Бурят мемлекеттік университеті бірлесіп «Ресей мен Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы жастар саясаты» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараға қос университеттің өкілдері мен студенттері қатысты.
Бурят мемлекеттік университетінің тәрбие жұмысы және жастар саясаты жөніндегі проректоры Наталья Лагойда университет қызметі мен жастарға бағытталған жобалар туралы баяндама жасап, бұл саладағы негізгі даму бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ, ол «Мен мақтанамын» патриоттық клубының белсенді жұмысын жоғары бағалады.
Қазақстандағы жастар саясатының даму ерекшеліктері туралы баяндамамен С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Калимолдина Жаннета Амангелдіқызы сөз сөйледі. Ол университеттегі тәрбие жұмысы Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасына негізделетінін атап өтіп, басты мақсат — қазіргі қоғамға бейімделе алатын, елдің дамуына үлес қоса алатын жан-жақты тұлға қалыптастыру екенін жеткізді.
Іс-шара модераторы — Бурят мемлекеттік университетінің Бурятия тарихы кафедрасының меңгерушісі Алтына Мұнқожарғалқызы болды.
Талқылауға ШҚУ-дың Қазақстан тарихы және Рухани жаңғыру кафедрасының аға оқытушысы Аяулы Қалымбекқызы, Бурят мемлекеттік университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыс бөлімінің басшысы Алдар Александрович, қосымша білім беру институтының директоры Марина Геннадьевна, сондай-ақ Бурятия тарихы кафедрасының оқытушылары Лилия Борисовна, Ананда Аюрович, Ян Олегович және Арсэн Низамиевич қатысты. Тараптар Қазақстан мен Ресейде жүзеге асырылып жатқан жастар жобаларының өзекті бағыттарын талқылады.
Сонымен қатар, дөңгелек үстел аясында Шығыс Қазақстанның киелі орындарын зерттеуге арналған халықаралық жазғы мектептің (тарих, археология, этнография) қатысушылары мен ШҚУ-дың студенттік өзін-өзі басқару белсенділері университеттің маңызды іс-шаралары туралы айтып өтті. Жазғы мектепке қатысушылар Шығыстан келген достарын ерекше ықыласпен еске алды.
Соңында қатысушылар екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықтың, әсіресе академиялық ұтқырлық пен бірлескен бағдарламаларды әзірлеу бағытында одан әрі дамитынына үміт білдірді.