17 апреля 2025
ҚАЛИХАН ЫСҚАҚТЫҢ ТУҒАНЫНА 90 ЖЫЛ ТОЛУЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қалихан Ысқақтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Қалихан Ысқақ шығармашылығының көркемдік әлемі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Өр Алтайдың перзентіне арналған кеште ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген алғы сөз сөйлеп, Қалихан Ысқақтың қазақ әдебиетіне қосқан баға жетпес үлесіне тоқталды.
– Қалихан Ысқақ қазақ прозасын биік деңгейге көтеріп, оқырманға шынайы, көркемдік тұрғыдан терең шығармаларын ұсынды. Қырағы қаламгердің 90 жылдығына арналған бұл ғылыми-тәжірибелік конференция жас ұрпақ үшін үлкен мектеп болары сөзсіз. Бүгінгі жиында оның әдеби мұрасы кеңінен насихатталып, ғылыми тұрғыдан жан-жақты қарастырылды, – деді ректор.
Конференция аясында С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың Құрметті профессоры, жазушы Әлібек Қаңтарбаев сөз сөйлеп, Қалихан Ысқақтың шығармашылық жолы мен тұлғалық қасиеттеріне қатысты құнды естеліктерімен бөлісті.
– Алтайдың асқақ тұлғасының 90 жылдық мерейтойы – барша әдебиет сүйер қауым үшін үлкен қуаныш. Қалихан Ысқақ әрбір шығармасында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын, болмысын терең көрсете білді. Бүгінгі шараны ұйымдастырған университет ұжымына, жастарға осындай рухани құндылықтарды дәріптеп отырған ректорға алғыс айтамын, – деді жазушы.
Конференция барысында Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы Қалихан Ысқақ прозасы мен драматургиясындағы стильдік және тілдік ерекшеліктерге тоқталып, оның шығармаларындағы топонимдер мен геопоэтикалық кеңістікті зерттеуге арналған баяндамалар ұсынды.
– Қалихан Ысқақ прозасында тілдің көркемдік мүмкіндіктерін шебер қолдана білді. Ол барлық жанрда қалам тербеп, әдебиетіміздің жан-жақты дамуына үлес қосты. Әңгіме, повесть, роман, әдеби сын, драма секілді жанрларда өнімді еңбек етті. Әсіресе оның драматургиясы мен аудармалары терең ғылыми зерттеуді қажет етеді. Бұл бағытта студенттер мен магистранттар үшін зерттеу алаңы кең екенін атап өткім келеді, – деді «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айжан Картаева.