18 апреля 2025


ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ БОЛАШАҚ ПЕДАГОГТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Шығыс Қазақстан облысының орталығына жұмыс сапары аясында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің педагогикалық білім беру бағдарламаларының студенттерімен кездесті. Кездесу барысында педагог кадрларын даярлау сапасын арттыру, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және үздіксіз педагогикалық білімнің маңыздылығы мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Министрдің айтуынша, студенттерді сапалы оқыту – болашақ ұрпақтың білім сапасының негізі.

– Мұғалім – бұл терең рухани мазмұнға ие, ағартушылық миссиямен ерекшеленетін мамандық. Әр заманда қоғамды алға бастайтын тұлғалар ағартушы ретінде бағаланған. Бұл ұғым педагогтың ұлы еңбегінің мәнін дәл сипаттайды. Өз мамандығыңызды сүйіңіздер, сонда барлық асуларды бағындырып, білім беру тарихында өз атыңыз қалады, – деп болашақ ұстаздарға жүрекжарды тілегін білдірді Ғани Бейсембаев.

Кездесуге Amanzholov University «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттер, сондай-ақ дүниежүзілік аренада топ жарып жүрген әлем және Азия чемпиондары, жоғары жетістіктерге жетіп жүрген «Берел» волейбол клубының спортшылары қатысты. Сондай-ақ, университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген «Шабыт» студенттік театры, «Мейірім» еріктілер клубының мүшелері, «Ділмар» дебат клубы мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосып жүрген «Welcome» шетелдік студенттер клубының қатысушылары шараға белсенді қатысты.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстан мектептерінде педагог тапшылығы байқалады. Бұл мәселе орта білім сапасына айтарлықтай әсер етеді. Бұл жайында ел Президенті де бірнеше рет айтып, педагог мәртебесін арттыру, оқу бағдарламаларын жаңғырту және отандық жоғары оқу орындарын қолдау қажеттігін атап өткен болатын.

2023 жылы Шығыс Қазақстан облысында педагог кадрларына деген сұраныс 230 маманды құрады. Сол жылы ШҚУ 689 маманды даярлап, өңірлік және басқа облыстардағы сұранысты толық қамтамасыз етті. Қазіргі таңда С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да 4000-нан астам студент педагогикалық білім беру бағдарламалары бойынша білім алуда.

Сонымен қатар, университет тәжірибелі мұғалімдерді қайта даярлаумен де айналысады. ШҚУ мамандары мектепке дейінгі ұйымдардан бастап колледждерге дейінгі педагогтерге арналған біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарын жүйелі түрде өткізіп келеді.

— Үздіксіз білім беру жүйесі – зерек, сауатты әрі прогрессивті ұрпақ тәрбиелеудің басты кілттерінің бірі екеніне сенімдіміз. Бүгінде біз педагогтерді қайта даярлауды сегіз бағыт бойынша жүргіземіз. Жүздеген мамандар бізден жаңа біліммен оралып жатыр, — деді университет ректоры Мұхтар Төлеген.

Министр Amanzholov University-дің педагог кадрларды даярлау сапасын жоғары бағалап, соңғы үш жылда педагогтердің білімін бағалау қорытындысы бойынша университеттің 1-орын иеленгенін оң бағыттағы дамудың жарқын көрсеткіші ретінде атап өтті.

Сондай-ақ, жуырда «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламасының екінші курс студенттері республикалық пәндік олимпиадада жүлделі бірінші орынды иеленді.

Айта кету керек, университет түлектерін жұмыспен қамту көрсеткіші 98 пайызды құрайды. ШҚУ-да еңбек нарығын зерттеу және кадрларға деген қажеттілік дамуының болашағын болжау бойынша тұрақты жұмыс жүргізіледі.