18 апреля 2025
ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ АҚЫН ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫМЕН КЕЗДЕСТІ
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлының студент-жастармен кездесуі өтті. Бұл әдеби кеш жас қаламгерлер мен әдебиетсүйер қауымға рухани серпіліс, шығармашылық шабыт сыйлады.
Кешке Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Әлібек Қаңтарбай, ШҚО мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов, ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Бурахан қатысты.
Әдеби кездесуді университет ректоры, профессор Мұхтар Әділбекұлы Төлеген жүргізіп, кешке арнайы келген қонақтарға алғыс білдірді.
– Дәулеткерей Кәпұлы кездесу – студенттеріміз үшін үлкен рухани сабақ. Әдебиет – адамның жан дүниесін байытып, ұлттық рухты оятатын күш. Ақынның әрбір сөзі, ой-толғамы жастарға ой салып, рухани сусындауға мүмкіндік берді. Университетте өтіп тұратын мұндай рухани кештер басты құндылығымыздың бірі, — деді ректор.
Кеш барысында Дәулеткерей Кәпұлының шығармашылығы кеңінен таныстырылып, жырлары оқылды. Студенттер ақынмен еркін пікір алмасып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Сонымен қатар, студент жастар домбырамен арнау өлеңдерін айтып, рухани кештің сәнін келтірді.
– Шығыс Қазақстан университетінде әдеби кештердің жиі өтіп тұратыны қуантады. Қара өлеңнің қас шебері саналатын Дәулеткерей Кәпұлының әрбір сөзі – жастар үшін үлгі. Университет басшылығының осындай тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор шараны ұйымдастырғанына алғысымды білдіремін, – деді жазушы Әлібек Қаңтарбаев.
Шара аясында ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Бурахан облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырып, ақынға шапан жауып, ыстық ықылас танытты. Университеттің «Шабыт» студенттік театры поэтикалық қойылым ұсынды.
Кеш соңында ЖОО бірінші жетекшісі Мұхтар Төлеген Дәулеткерей Кәпұлына С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Құрметті профессоры» атағын берді. Өз кезегінде ақын университет басшылығына алғысын білдіріп, кітапхана қорына 30-ға жуық кітап сыйға тартты.