18 апреля 2025
ҚР КОНСТИТУЦИЯСЫНА 30 ЖЫЛ: ТАРАПТАР ҚАРАР ҚАБЫЛДАДЫ
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған ауқымды халықаралық конференция өтті. Заң саласының өкілдері қоғамда конституциялық заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің өзекті тұстарын талқылады.
Аталған шараға ҚР Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов, ҚР Бас Прокурорының кеңесшісі Талғат Адамов, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар, ШҚО прокуроры Алмат Байшолақов, облыстық сот төрағасы Манат Көміршінов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов, ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Арман Жүнісов, С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген, сондай-ақ Ресейдің Г.Б.Мирзоев атындағы Адвокатура және нотариат университетінің проректоры Людмила Букалерова және басқа да беделді сарапшылар қатысты.
– ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 20 ақпанындағы Қаулысымен ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған «Ата Заң – Тәуелсіздік тірегі» Ұлттық іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Осы ретте, С.Аманжолов атындағы ШҚУ аталған жоспарды жүзеге асыруға алғашқылардың бірі болып белсене кірісті, – деді ЖОО ректоры Мұхтар Төлеген.
– Конституция – Қазақстанда құқық үстемдігін орнатудың негізі. Негізгі заң мемлекеттік құрылымның іргетасына айналды. Қолданыстағы Конституция саяси, экономикалық, әлеуметтік үдерістер мен институттардың дамуына қолайлы жағдай жасады, – деді Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов.
Іс-шараның пленарлық бөлімінде жоғары заң білімінің өкілдері мен құқық қорғау органдарының мамандары өзекті тақырыптар бойынша авторлық баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Қазақстандағы 2022 жылғы конституциялық реформа және оны іске асыру аспектілері, «Заң және тәртіп» ұстанымы мығым мемлекет құрудың алғышарты және тағы да басқа өзекті тақырыптар төңірегінде сөз қозғалды.
– Конституциялық реформа қоғамның әділетті Қазақстан құруға және түбегейлі жаңғыруға деген терең сұранысына жауап болды. Ата заңның беріктігі ұлттың кемелдігін, қазақстандықтардың өз елінің тағдырына жауапкершілікпен қарауға дайын екенін көрсетті, – деді MNU жеке құқық департаментінің профессоры Сара Идрышева.
Оның айтуынша, Конституциялық реформаның ең басты нәтижелерінің бірі – Қазақстанның суперпрезиденттік басқару формасынан күшейтілген Парламенті бар президенттік республикаға айналуы болды. Реформа нәтижесінде Сенат пен Мәжіліске сайлау жүйесі өзгерді. Конституциялық Сот қайта құрылды. Жаңа саяси партияларды тіркеу рәсімдері жеңілдетілді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов елдегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жүзеге асырылуы барысы туралы айтты.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – бұл ашықтық, жауапкершілік және адалдық қағидаттарын нығайтудан басталады. Бұл құндылықтар Ата заңымызда да негізге алынған. Алайда азаматтық қоғамның белсенді қатысуынсыз Конституция өз деңгейінде жұмыс істей алмайды. Сол үшін еліміздің барлық азаматы заңдарды сақтауы маңызды. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекетті нығайтудың және өркендетудің ажырамас бөлігі, – деді Денис Шакенов.
Дөңгелек үстел аясында ҚР Конституциялық Сот Аппараты мен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті арасында өзара түсіністік туралы меморандуммен алмасу рәсімі өтті. Бұл келісім заңгер кадрларды даярлау, бірлескен конференциялар, семинарлар, қонақ лекциялар өткізу, танымдық сапарлар, ғылыми тағылымдамалар мен өндірістік тәжірибе ұйымдастыру бағытында ынтымақтастық орнатуды көздейді.
Сонымен қатар, шара ұйымдастырушылары С.Аманжолов атындағы ШҚУ базасында өткен «Конституцияға 30 жыл – өзіңді тексер!» атты байқаудың жеңімпаздарын марапаттады. Байқауға AMANZHOLOV UNIVERSITY-дің 2000-нан астам студенті қатысып, Конституция бойынша онлайн-тест тапсырды. Ең жоғары нәтиже көрсетіп, дұрыс жауаптарды ең қысқа уақытта берген қатысушылар үздік деп танылды.
Байқау қорытындысы бойынша ІІІ орынды – Айым Карбек, ІІ орынды – Қуаныш Жүнісқалиев иеленсе, І орынды – Нұрым Шаяхмет жеңіп алды. Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен дипломдар табысталды.
Айта кетейік, конституциялық заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуының іргетасы. Конституционализм қағидаттарын сақтау саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізудің басты алғышарты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция қағидаттарын басшылыққа ала отырып, біз барлық азаматтарға тең мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрамыз деп атап өткен.
Конституциялық заңдылық – заң үстемдігін, құқықтық айқындықты және мемлекеттік саясаттың сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде қоғамның билікке деген сенімін нығайтып, елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады және азаматтық қоғамның тиімді дамуына жағдай жасайды. Мемлекеттік институттардың тұрақтылығы мен құқықтық нормалардың сақталуы – ұлттық қауіпсіздік пен ілгерілеудің кепілі саналады.
Кездесу соңында қатысушылар ҚР Конституциясының негізгі қағидаттары мен заңдарын түсіндіру, өзекті мәселелерді талқылау арқылы ғылыми пікірталастар өткізу, сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы құқықтық білім мен ақпараттану деңгейін арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыруды көздейтін қарар қабылдады.