24 апреля 2025


АБАЙ МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «XXI ғасыр педагогикасындағы Абай мұралары» атты педагогикалық мамандықтар студенттеріне арналған IV республикалық олимпиада өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл білім сайысы биыл ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды.

Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімінде университет ректоры, профессор Төлеген Мұхтар Әділбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, жас педагогтарға шығармашылық табыс пен сәттілік тіледі.

Олимпиаданың басты мақсаты – Абай шығармашылығы мен педагогикалық мұраларын терең зерделеу, болашақ ұстаздардың ғылыми-зерттеу және шығармашылық әлеуетін арттыру, студенттер арасында ұлттық рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу. Байқауға Қазақстанның әр өңірінен жоғары оқу орындарының төрт адамнан құралған командалары қатысты.

Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – үй тапсырмасы ретінде «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тақырыбында дайындалған ғылыми жоба ұсынылды. Екінші кезең – «Өмірлік жағдаят» сахналық көрінісі, мұнда әр команда Абай шығармаларын негізге ала отырып, қазіргі өмірмен байланыстырылған қойылым көрсетті. Үшінші кезеңде топтар оқу үдерісінен үзінді көрсету арқылы Абай мұрасын білім беруде тиімді қолдану тәсілдерін ұсынды.

Қатысушылардың жұмыстарын кәсіби құрамнан құралған қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының төрағасы — С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бақытжан Келгембаева, сонымен қатар Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің “Тілдер және әдебиет” бөлімінің меңгерушісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-зерттеуші, филология магистрі Гүлназ Айтмұханбетова, Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының актеры, ҚР мәдениет саласының үздігі Ертай Хасенов, ШҚО білім басқармасы Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «№ 47 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, педагог-шебер Дана Жиенбаева, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бөлім жетекшісі Дәурен Байдрахманов болды.

Олимпиада қорытындысы бойынша келесі жеңімпаздар анықталды:
I орын – М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті;
II орын – І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті және Шәкәрім университеті («Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы);
III орын – Әлихан Бөкейханов университеті, Шәкәрім университеті («Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы), М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті және Қазақстан-Американдық еркін университеті.

Жеңімпаз топтар марапатталып, келесі жылғы олимпиаданы өткізу тізгіні үздік атанған оқу орнына табысталды.