25 апреля 2025


АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ 180 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ұлы ақын, философ, композитор, аудармашы және қоғам қайраткері Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Академик Зәки Ахметов және Абайтану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Алқалы жиынды университет ректоры, профессор Мұхтар Төлеген құттықтау сөзімен ашты. Конференцияның маңыздылығына тоқталып, академик Зәки Ахметовтің Абайтану ғылымына қосқан сүбелі үлесін атап өтті.

– Абай арманы – халық арманы. Абайды ұлықтау – ұлт алдындағы парыз. Ұлы ақын мұрасын насихаттау жолында университетімізде бірқатар игі бастамалар жүзеге асты. 2018 жылы университетіміз Польшада Абай музейін ашты. Сондай-ақ сол жылы академик Зәки Ахметовтің 90 жылдығын атап өткен болатынбыз, — деді ректор.

Пленарлық отырыста елімізге белгілі бірқатар ғалымдар мазмұнды баяндамаларымен бөлісті. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш «Ұлы ақынның ұрпақтарына арнаған өлеңдері» атты баяндамасында Абай шығармаларындағы ұрпақ тәрбиесі мәселесін терең талдап, теориялық тұрғыдан саралады. Сонымен қатар, Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов «Академик Зәки Ахметов және ғылыми әдіснама» тақырыбында баяндама жасады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мақтагүл Оразбек «Академик Зәки Ахметов зерттеулеріндегі Абай келбеті» атты баяндамасында З. Ахметовтің Абай шығармашылығын терең талдап, оның поэтикалық бейнесінің қалыптасу жолдарын, тарихи оқиғалар мен Пушкин, Лермонтов поэзиясының әсерін жан-жақты қарастырғанын атап өтті.

– Академик Зәки Ахметов – Абайды әлемдік деңгейдегі ақын ретінде алғаш танытқан тұлғалардың бірі. Оның зерттеу жұмыстары студенттік жылдарынан бастау алып, 1946 жылы «Абайдың эстетикалық көзқарастары» атты дипломдық жұмысынан көрініс тапты. Кейін 1948 жылы Ленинградтағы Шығыстану институтында Лермонтов пен Абайдың сабақтастығы жөнінде ғылыми еңбек қорғап, Абайды орыс және әлем әдебиетінің ірі өкілдерімен қатар қойып қарастырды, – деді Мақтагүл Оразбек.

С.Аманжолов атындағы ШҚУ қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Раушангүл Мұқышева «З.Ахметов қазақ өлеңсөзінің құрылысы мен тілі туралы» баяндамасын оқыды.
Сондай-ақ, конференция алаңында университет профессор-оқытушылар құрамының ғылыми еңбектері мен кітаптарының көрмесі ұсынылды.