25 апреля 2025


ШҚУ РЕКТОРЫ ШЕТЕЛДІК ПРОФЕССОРЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін ректор Мұхтар Төлеген Қытай Халық Республикасының Пекин педагогикалық университетінің профессоры, Қытайдағы дүниежүзілік тарихты зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Чжан Цзяньхуамен, сондай-ақ Польшаның Люблин қаласындағы Әлеуметтік ғылымдар университетінің профессорлары – педагогика ғылымдарының докторы Агнешка Михальска және медицина ғылымдарының докторы Лешек Закшевскиймен кездесті.

Erasmus+ бағдарламасы аясында Польшадан келген қонақтар Amanzholov University-дің «Мәдениет, спорт және бастапқы әскери дайындық» кафедрасында арнайы дәрістер мен практикалық сабақтар циклін өткізуде. Айта кету керек, профессорлардың физиотерапия, спорттық медицина және биохимия салаларында көпжылдық оқыту және клиникалық тәжірибелері бар.

Орталық Азия халықтарының мәдениетін, Қытайдағы аймақтану теориясын зерттеумен айналысатын профессор Чжан Цзяньхуа Amanzholov University-дің жас тарихшыларына арнап дәріс оқып, білім алушылар үшін ғылыми тағылымдамалар мен практикалық жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.