28 апреля 2025


ВАРШАВАДАН БЕЙЖІҢГЕ ДЕЙІН: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРІСТЕР

Академиялық және мәдени ынтымақтастықты дамыту аясында AMANZHOLOV UNIVERSITY-ге Польша мен Қытайдан профессорлар – Агнешка Михальска, Лешек Зэкшевский және Чжан Цзяньхуа келді.
Бұл сапар академиялық алмасу бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, халықаралық байланыстарды нығайтуға, ғылыми және педагогикалық тәжірибе алмасуға, сондай-ақ студенттер мен оқытушылар үшін ашық дәрістер өткізуге бағытталған. Шетелдік профессорлар өз елдеріндегі жетекші университеттер мен ғылыми орталықтарды таныстырады.


Агнешка Михальска мен Лешек Зэкшевский Люблин қаласындағы Әлеуметтік ғылымдар университетінен келген. Олар AMANZHOLOV UNIVERSITY-дің «Мәдениет, спорт және бастапқы әскери дайындық» кафедрасында арнайы дәрістер мен практикалық сабақтар легін өткізді. Екі маман да физиотерапия, спорттық медицина және биохимия салаларында көпжылдық тәжірибеге ие. Сабақтар барысында олар ағзаның анатомиялық-физиологиялық дамуы, спорттық морфология мен биохимия негіздері, дене тәрбиесі, спорт және биомеханиканың физиологиялық негіздері сынды түрлі тақырыптарды қамтыды.


Пекин педагогикалық университетінің профессоры, Қытайдағы Дүниежүзілік тарихты зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Чжан Цзяньхуа Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының студенттеріне дәрістер оқыды. Тарихшы Орталық Азия халықтарының мәдениетін, сондай-ақ Қытайдағы аймақтану теориясын белсенді зерттеуде.


«Мұндай сапарлар халықаралық ынтымақтастықты дамытып, ашық академиялық кеңістік қалыптастыруда маңызды рөл атқарады», — деді оқу орын ректоры Мұхтар Төлеген. — «Біз түрлі ғылыми мектептер мен мәдениет өкілдері арасында тұрақты диалог орнату үшін жағдай жасауды жолға қойып отырмыз».


ЖОО-ның бірінші жетекшісінің айтуынша, мұндай бастамалар білім беруді халықаралық деңгейге көтеруге, университеттің беделін арттырып, оны әлемдік ғылыми және білім беру кеңістігіне жақындатуға септігін тигізіп, білім беруді интернационалдандыру стратегиясының ажырамас бөлігіне айналуда.