29 апреля 2025
ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА КЕПІЛДІК: УНИВЕРСИТЕТТЕ ШҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІМЕН ДИАЛОГ ӨТТІ
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде бітіруші курс студенттері ШҚО Полиция департаментінің мамандарымен кездесті. Кездесудің басты мақсаты – жастарды жұмысқа орналастыру.
Университет ректоры Мұхтар Төлегеннің айтуынша, құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орнату, тәжірибе мен тағылымдамадан өту, түлектерді жұмысқа орналастыру – екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бөлігі.
ШҚО Полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Марат Баяндинов құқық қорғау саласындағы қызметтің басты артықшылықтары туралы айтып берді. Оның айтуынша, полиция қызметкерлеріне ай сайын отбасындағы әрбір адамға тұрғын үйге төленетін өтемақы қарастырылған. Сонымен қатар, тұрақты еңбекақы, әлеуметтік пакет және арнайы шені бар қызметкерлер үшін 45 жаста зейнетке шығу мүмкіндігі – бұл мамандықтың маңызды басымдықтары.
Марат Баяндинов колледж түлектеріне де ерекше назар аударды. Олар Қазақстан Республикасы ІІМ Академиясында тегін жоғары білім алу мүмкіндігіне ие. Елде мұндай бес жоғары оқу орны бар: Алматы, Қарағанды, Қостанай, Астана және Ақтөбе қалаларында. Оқу аяқталғаннан кейін түлектерге ресми жұмысқа орналасу және лайықты жалақы кепілдендіріледі.
– Біз стипендия, тегін формалық киім, үш уақыт тамақтану және жайлы жатақханамен қамтамасыз етеміз, – деп атап өтті Марат Баяндинов.
ШҚО Полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары міндетін атқарушы Даурен Балықшинов үміткерлерге қойылатын талаптармен таныстырды. Атап айтқанда, ҚР азаматтығы, 18 бен 35 жас аралығындағы жас шамасы және жоғары білім.
Айта кетейік, қызметке әртүрлі білім беру бағдарламаларының түлектері қабылданады. Кездесуге әлеуметтік, педагогикалық, заңгерлік мамандықтардың студенттері қатысты. Олар болашақта тергеуші, анықтаушы, криминалист, психолог, жедел уәкіл, учаскелік инспектор және басқа да бос лауазымдарға жұмысқа тұра алады.