29 апреля 2025


ШҚУ ОҚЫТУШЫСЫ «ҚАНДАСТАР АСПАНЫ» КІТАБЫН ЖАРЫҚҚА ШЫҒАРДЫ

Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында күйші-композитор, «Қазақ өнері» мен «Қазақстан Республикасының музыка қайраткері», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ТМД-ның үздік ғылыми қызметкері» Уатхан Жүнісовтің ғылыми және шығармашылық кеші өтті. Қонақтарға Уатхан Жүнісовтің ғылыми еңбегі таныстырылды.

Іс-шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері, бұрынғы Өскемен педагогикалық институтында музыка кафедрасының негізін қалап, тұңғыш меңгерушісі болған Лидия Колыхалова, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Педагогика жоғары мектебінің деканы Куленова Гульнара Борисовна және университет студенттері қатысты.

Кеш барысында Гульнара Борисовна мен музыка кафедрасының дамуына көп жыл еңбек сіңірген Колыхалова Лидия Кузьминычна Уатхан Жүнісовтің «Қандастар аспаны» монографиялық кітабының тұсауын кесті. Шара аясында композитордың өлкелік ақындардың сөзіне жазылған әндері орындалды.

Сонымен қатар, Уатхан Жүнісов өзінің шәкірттерінің жетістіктерімен бөлісіп, ұстаздық жолдағы естеліктерімен бөлісті.

Кеш соңында ақындар Б.М.Солтанов, Г.Раузақызы, Б.С.Қонақов және бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған А.К.Аубакирова жылы лебіздерін білдіріп, композиторға шығармашылық табыс тіледі.