2 мая 2025


«БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ҚОСҚАН ҮЛЕСІ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ

ШҚУ жанындағы Қабанбай батыр атындағы әскери кафедраның ұйымдастыруымен Жеңістің 80 жылдығына орай «Бауыржан Момышұлының бала тәрбиесіне қосқан үлесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараның басты мақсаты – батырдың ерлік жолын, ұлт жадында сақталған тағылымды ойларын бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар жазушы, жауынгер, қоғам қайраткері Бауыржан Момышұлының тұлғалық қырларына тереңірек тоқталып, мазмұнды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, «Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысындағы үлесі», «Әскери-педагогикалық идеялары», «Ұшқан ұя» және отбасылық тәрбие», «Сирек деректер» сынды тақырыптар қамтылды.

– Бүгін біз Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірі мен рухани мұрасын жан-жақты таныдық. Ол – тек жауынгер емес, тәрбиеші, ойшыл, ұлт жанашыры. Бұл шара – батырды еске алумен шектелмей, оның идеяларын жаңғыртуға жасалған нақты қадам болды, – деді 99230 әскери бөлімінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қанат Тұрағұлов.

Баяндамашылар Бауыржан Момышұлын жан-жақты ашып көрсетті. Оның ұлтжандылығы мен тәрбиеге қосқан үлесі де ерекше атап өтілді.

– Дөңгелек үстел барысында батырдың ерлігімен қатар өмірлік ұстанымдары, тәрбиеге қатысты көзқарастары кеңінен сөз болды. Оның ұлағатты сөздері бүгінде де өз маңызын жойған жоқ, – деді әскери кафедраның курсанты Мария Колчина.

Қатысушылар мұндай тағылымды шаралардың ШҚУ-дағы тәрбие жұмыстарының берік іргетасын нығайта түсетінін атап өтті.