5 мая 2025


«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ: ШҚУ СТУДЕНТТЕРІ ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ СЕНБІЛІККЕ ҚАТЫСТЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттері Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілікке белсене қатысты.

Акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, өз өңіріне, өз көшесіне деген жастардың жауапкершілігін арттыру.

-«Өз аулаңды қалай ұстасаң, еліңе де солай қара» деген қағиданы негізге ала отырып, әр азамат тазалық пен тәртіпті өзі тұратын жерден бастауы тиіс. Бұл шара – сұрапыл соғыс жылдары ерен ерлік көрсеткен ардагерлерге деген тағзымның белгісі,-деп атап өтті тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жаннета Калимолдина.

Сенбілік барысында студенттер университеттің №1 оқу ғимараты орналасқан 30-шы Гвардиялық дивизия көшесінің бойын тазалап ретке келтірді. Айта кетейік, бұл көше атауы 1985 жылы 9 мамырда берілді.

30-шы Гвардиялық дивизия — Ұлы Отан соғысында ерекше ерлік көрсеткен әскери бөлім. Мәскеу түбіндегі шайқастарда жауды кері шегіндіріп, Рига қаласын азат еткені үшін “Рига” құрметті атағына ие болды.