5 мая 2025


ORHUN АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ: ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫ АРАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

ORHUN академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында педагогикалық білім және менеджмент кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Гаян Губайдуллина Қырғызстан Республикасы, Бішкек қаласындағы Қырғыз-Түрік «Манас» университетіне іссапармен барып қайтты.

Айта кетейік, ORHUN академиялық ұтқырлық бағдарламасы – түркі тілдес елдердің университеттері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Түркі кеңесінің бастамасы. Бағдарлама студенттер мен оқытушыларға серіктес шетелдік жоғары оқу орындарында оқуына немесе дәріс беруіне мүмкіндік беріп, білім мен мәдениеттің алмасуына ықпал етеді.

Іссапар барысында Гаян Нұрахметқызы «Психологиялық-педагогикалық көмек және кеңес беру» білім беру бағдарламасының бірінші және үшінші курс студенттеріне дәрістер оқып, workshop сабақтарын өткізді. Сондай-ақ педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттерге арналған кәсіби бағдарлау тренингтері мен сұхбаттар жүргізілді.

Қырғыз-Түрік «Манас» университетінің студенттері магистратурада білім алу мәселесіне қызығушылық танытты. Атап айтқанда, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-да магистратураға түсу шарттары, шәкіртақы, жатақханамен қамтылу, ақылы оқу құны және TÖMER секілді тілдік курстары туралы сұрақтар қойылды.

Сонымен қатар,  «Азық-түлік инженериясы» және «Филология» (Орыс тілі мен әдебиеті) білім беру бағдарламаларының студенттері ORHUN бағдарламасы аясында Amanzholov University-де білім алуға ниет білдірді.

Оқу үдерісінен тыс уақытта Гаян Нұрахметқызы V Халықаралық Түркі өркениеті конгресіне қатысып, «Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу идеялары» тақырыбында баяндама жасады.