6 мая 2025


АРДАГЕРЛЕР РУХЫНА ТАҒЗЫМ

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Ұлы Жеңіс күніне орай Отан үшін от кешкен ардагерлерді еске алу мақсатында салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылды.

Шара аясында қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, көрнекті ғалым, профессор Сәрсен Аманжоловтың рухына тағзым етіліп, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Жиналған қауым ғалымның өмір жолы мен ғылымға сіңірген еңбегіне құрмет білдірді.

Алғашқы сөз Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Слямбек Оразалинге берілді:

– Сәрсен Аманжолов — қазақ тіл білімі мен грамматикасының ғылыми негізін қалаған аса ірі тіл маманы. Ол 1903 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақ тілі грамматикасының құрылымын жасап, алғашқы оқулықтарды жазып, қазақ жазуын латын және кирилл әліпбиіне көшіруде маңызды рөл атқарды. Оның еңбектері бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Біздің университетіміз 2003 жылдан бері Сәрсен Аманжолов есімін абыроймен алып жүр, – деді ол.

Сондай-ақ, Сәрсен Аманжоловтың өмірі мен ғылыми қызметіне арналған диссертациялық жұмыс авторы, тарих ғылымдарының кандидаты Әлия Өскембай сөз сөйледі:

– Сәрсен Аманжоловтың да Жеңіске қосқан үлесі зор. 1942 жылдың ақпан айында ол әскер қатарына шақырылды. Дайындық курсынан кейін Карел майданына аттанып, алғашқы ерліктерінің бірі ретінде Ресей мен Украинадан әкелінген балаларды Қазақстанға орналастыруға белсене атсалысты. Әр баланың тағдырына жанашырлықпен қарап, үлкен жауапкершілік танытты. Орыс және қазақ тілін жетік меңгергендіктен, саяси жетекші қызметіне тағайындалды. 1944 жылы капитан шенін алды. Әскердегі жауынгерлерге рух беру мақсатында батырлар туралы шығармалар жазды. Сонымен қатар, соғыс жылдарында қазақша-орысша сөздіктің жазылуына да үлес қосты, – деді ол.

Шара барысында Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің студенттері Сәрсен Аманжоловтың рухына арналған арнау өлеңдер оқыды.

Сонымен қатар, ШҚУ ұжымы мен студенттері университеттің дамуына зор үлес қосқан Ұлы Отан соғысының ардагері Жұмаш Кәрімұлы Уәлиевке арналған ескерткіш-тақтаға да гүл шоқтарын қойды.

Атап кетейік, Жұмаш Уәлиев – өз еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, Шығыс Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – қазіргі С.Аманжолов атындағы университеттің ректоры қызметіне дейін көтерілген тұлға. Жұмаш Кәрімұлы оқу орнын 25 жылға жуық басқарып, ғылым кандидаты, бейорганикалық химия мен химиялық технология саласының білікті маманы, профессор ретінде есімі тарихта қалды.

Мәскеуден Ригаға дейінгі майдан шебінде ерлікпен шайқасқан 30-шы гвардиялық дивизия жауынгерлеріне арналған ескерткіш-тақтаға да гүл шоқтары қойылды.

–Бұл шара – Екінші дүниежүзілік соғыста қаһармандықпен шайқасқан жауынгерлердің рухына құрмет көрсету, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында патриоттық рух пен тарихи сананы қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды, – деді Қабанбай батыр атындағы әскери кафедра бастығының орынбасары, полковник Қанат Кемелбаев.