6 мая 2025


ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ СЕНСОРЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ ЖӘНЕ НЕЙРОПЕДАГОГИКА БОЙЫНША КУРСТАР ӨТУДЕ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде арнайы білім беру саласындағы польша мамандары — Агнешка және Роберт Леманскийлердің қатысуымен оқыту курстары өтуде. Олар «Дефектология», «Арнайы педагогика», «Эргопедагогика», «Ерте қолдау педагогикасы», «Мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу», «Бейімделген дене шынықтыру» және «Мектепке дейінгі білім беру (IP)» білім беру бағдарламаларының оқытушылары мен студенттеріне арналған қарқынды курстар жүргізеді.

Агнешка Леманска — логопед, сенсорлық интеграция терапевті, супервизор, сондай-ақ М.Гжегожевская атындағы Арнайы білім беру академиясы мен Варшава университетінің түлегі. Роберт Леманский — педагог-терапевт, аутизм спектріндегі бұзылыстары бар балалармен түзету жұмысын жүргізу маманы.

Курстың алғашқы күнінде қатысушылар сенсорлық интеграцияның негіздерімен танысты: негізгі сенсорлық жүйелерді, олардың даму кезеңдерін және ықтимал бұзылыстарды зерттеді, сондай-ақ сенсорлық дисфункциялардың баланың оқуына, мінез-құлқына және эмоционалдық жағдайына әсерін талқылады.

Екінші күні клиникалық бақылау әдістері мен сенсорлық интеграция бұзылыстарын бастапқы бағалау тәсілдері ұсынылды, өз-өзін реттеу стратегиялары және сенсорлық тәжірибелерді педагогтер мен мамандардың күнделікті жұмысына енгізу жолдары қарастырылды.

Алдағы дәрістерде мамандар ұстау рефлексі, Моро рефлексі, асимметриялы мойын-тоникалық рефлексі, тоникалық лабиринттік рефлексі және Галант рефлекстерінің диагностикасы мен терапиясына кеңінен тоқталады.