6 мая 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ» АТТЫ ЕСТЕЛІК ШАРА ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ер есімі – ел есінде» атты тағылымды естелік іс-шара ұйымдастырылды.

Шара аясында ардагерлерге арналған көрме ұсынылды. Көрмеге Жеңістің әр мерейтойлық жылына арналған медальдар топтамасы, тыл еңбеккерлерінің мерейтойлық медальдары қойылды. Сондай-ақ, университеттің II Дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагер-оқытушылары — Уалиев Ю. К., Аманжолов С. А., Шестаков А. А., Ермолаев Л. А., Плотников Б. Г., Голованов Ф. Г., Пакина Л. А. туралы мәліметтер ұсынылды. Сонымен қатар, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналған арнайы экспозиция да көрермен назарына ұсынылды.

Университеттің тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, Басқарма мүшесі Жаннета Калимолдина өз сөзінде Кеңес Одағы құрамындағы әрбір республиканың Жеңіске қосқан үлесі орасан зор екенін атап өтті. Соғыс қаһармандары мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі – әр отбасының, бүкіл посткеңестік кеңістіктің жадында сақталғанын айтты.

Мәдениет, спорт және бастапқы әскери дайындық кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Гүлмира Зайнеолова Курск және Кенигсберг шайқастарына қатысып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған әкесі Таңсықбаев Зейнолла Таңсықбайұлы жайлы естеліктерімен бөлісті.

Шараға ерекше әсер берген шығармашылық нөмірлер де назардан тыс қалған жоқ. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ұстазы, ШҚО-ның Құрметті азаматы, университет ардагері Ленста Аубакирова «Отан үшін» атты өлеңін оқыса, музыка кафедрасының сениор-лекторы Юрий Ананьев «Темная ночь» әнін орындады.

Іс-шара университеттің ардагерлер кеңесі, кәсіподақ ұйымы және университет мұражайының қолдауымен ұйымдастырылды. Соғыс ардагерлеріне деген құрмет ретінде Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген тыл ардагерлеріне ақшалай сыйақы тағайындады. Сонымен қатар университет кәсіподағы тарапынан естелік сыйлықтар табысталды.