8 мая 2025


БАЛАЛАРҒА БАҚЫТ СЫЙЛАҒАН ПЕРІШТЕ: ШҚУ-ДА МАРИЯ БЕЙСЕКЕНОВА

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Үміт» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының директоры, ҚР «Құрмет» орденінің иегері, білім саласының ардагері Мария Баймұқанқызы Бейсекановамен кездесу өтті.

Кеш басында көрермен назарына Мария Баймұқанқызының өмір жолына арналған бейнеролик ұсынылды.

Алғашқы сөз С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлегенге берілді:

– Бүгін – біз үшін ерекше күн. Amanzholov University-дің төрінде мейірім мен жанашырлыққа толы, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз еңбек сіңірген жанмен кездесіп отырмыз. Мария Баймұқанқызы – аңыз адам. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын балаларды тәрбиелеуге, оларға қамқор болуға арнады. 17 жасынан бастап тәрбиешілік жолға түсіп, Өскемен педагогикалық училищесін тәмамдап, Шығыс өңірінде тынымсыз еңбек етіп келеді. Оның қоғам алдындағы еңбегі зор. «Үміт» орталығымен тығыз әріптестік байланыстамыз, жыл сайын орталық тәрбиеленушілеріне гранттар ұсынамыз. Көптеген дарынды түлектері бүгінде біздің университет қабырғасында білім алуда. Университет атынан Мария Баймұқанқызын мерейтойымен құттықтаймын, – деп бөлісті ректор.

Сөз соңында ректор құрметті қонаққа арнайы шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

Кештің әсерлі сәттерінің бірі – «Шабыт» студенттік театрының ана тақырыбына арналған сахналық қойылымы болды. Көрермендердің жүрегіне жол тапқан монологтар мен сахналық көріністер шынайы эмоцияға толы. Сонымен қатар, би мен ән шырқалып, кеш шырайын аша түсті.  Университет жастары тарапынан «Ең мейірімді жан» атты естелік сый табысталды.

-Осы оқу ордасында болу мен үшін үлкен мәртебе. Менің көптеген шәкірттерім дәл осы университетте білім алып, биік жетістіктерге жетіп жүр. Университеттің өркендеп, әр баланың болашағына жол ашып отырғанына куәмін. Ректор Мұхтар Әділбекұлына  және университет ұжымына шексіз алғысымды білдіремін, – деп жүрекжарды лебізін білдірді Мария Бейсеканова.

Кеш соңында студенттер мен құрметті қонақ арасында ашық диалог алаңы ұйымдастырылды.