12 мая 2025


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ QUIZ ОЙЫНЫНДА ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Шәкәрім университетіндегі Жастарды әлеуметтік қолдау және дамыту орталығының ұйымдастыруымен еліміздің жоғары оқу орындары студенттері арасында «IQ UP Quiz» республикалық интеллектуалдық сайысы өтті. Ойын биылғы атаулы даталарға негізделіп, ұлттық құндылықтар мен тарихи мұраны насихаттауға, сондай-ақ білімге құштар жастар үшін республикалық деңгейдегі интеллектуалды орта қалыптастыруға бағытталды.

Екі күнге созылған зияткерлік додада үш ойын өткізілді: алғашқы екі тур — классикалық форматтағы Quiz болса, соңғы ойында ең көп ұпай жинаған төрт команда финалда өзара мықтыны анықтады.

– Барлығы 24 кезеңнен тұрған ойын сұрақтары ғылымнан бастап саясатқа дейін, логика, есеп, анатомия, биология, ботаника секілді әртүрлі тақырыптарды қамтыды. Ойын өте тартысты әрі мазмұнды өтті. Осындай пайдалы, сапалы білім сайыстарын ұйымдастырғандарға алғыс білдіремін, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Таза қол» командасының мүшесі Жігер Сәрсенбаев.

Білім сайысына еліміздің әр өңірінен жиналған 10 команда қатысты. Қорытынды бойынша: Семей медицина университетінің командасы I орын (300 мың теңге ақшалай сертификат), С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Таза қол» командасы II орын (200 000 теңге сертификат); «Шығыс серілері» командасы (ШҚУ), үздік ойын өрнегімен көзге түсіп III орын иеленіп, 100 000 теңге ақшалай сертификатпен марапатталды.